Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Салтанатты жиында Президент егемендікке жетудің қиын-қыстау жолы мен Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жеткен жетістіктерін атап өтті. Мемлекет басшысы мемлекеттің алдағы уақытта озық заманауи әдістерді енгізу және дәстүрлі адамгершілік-рухани құндылықтарды сақтай отырып, жан-жақты дамуын жалғастыратынын баса айтты. Орда бұзар жасқа жеткен мемлекеттің осы 30 жылы – тұтас дәуірге бергісіз мерзім. Президент оны үш белеске балады. «Әр онжылдық ғасырдың жүгін арқалап тұр» дегенді айтты.
«Тарихи уақыт өлшемімен қарағанда, 30 жыл – қас-қағым сәт. Ал өткен оқиғалар тұрғысынан бағаласақ, ғасырларға татитын мерзім. Қазақстан халқы үшін бұл – азаматтық жылнамасының тұтас дәуірі. Жарқын болашағымызға жол салған ұлы жетістіктер кезеңі. Енді Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқалы тұрмыз. Бұл кезең бізге жаңа міндеттер жүктейді», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жастардың рөліне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қазақстандық жас ұрпақ әлемдегі тұрақсыз жағдайға қарамастан. елді жаңа жеңістерге жетелеуі керек. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктеріндегі Елбасының ерен еңбегіне тоқталып, салтанатты түрде сөз кезегін берді.
«Ынтымақ пен бірлікті ту еткен ел кез келген «тар жол, тайғақ кешуден» сүрінбей өтетіні анық. Оны 30 жылда өзгеге де, өзімізге де даусыз дәлелдеп келеміз. Ендеше ұлттық ауызбіршілігімізді ардақтап, тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау керек. Сондықтан әрдайым тұғырымыз – тыныштық, тілегіміз татулық болуы тиіс», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.