Тәуелсіздік шежіресі: 2018 жыл қандай тарихи оқиғаларымен есте қалды

Бүгінде еңсесін тіктеген егеменді Қазақстанның әр күні маңызды оқиғалар тізбегінен құралады

Тәуелсіздік шежіресі: 2018 жыл қандай тарихи оқиғаларымен есте қалды akorda.kz

2018 жыл. Қазақ елі 27 жылдың ішінде елдіктің еңсесін тіктер қарқынды қадамдарды жасап, дербестігін бекемдей түсті, келешегіне кемел жоспар құрды. Дәл осы жылы 17 мамырда елордада «Жаһандық сын-тегеуріндер саммиті» атты ХІ Астана экономикалық форумы өтті. Онда адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбанизация қарқыны мен жаһандық еңбек нарығының өзгеруі бар. Ал 1 шілде Ұлттық домбыра күні деп жарияланды. Осы жылдың 21 қарашасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 

2018 жыл 5 наурызда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «7-20-25» бағдарламасын жариялады. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінде әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін көбейту, сондай-ақ елді газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру жөніндегі бастамалар қамтылған. Ал 5 қазанда Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға баса назар аударды.

«Мен әрбір Жолдауымда халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келемін. Қазақстанды бағындыратын биіктер әлі алдымызда. Осы жолда халық сенімі рухымызды жігерлендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытсын. Сол сенімді ақтаудан артық бізде мұрат жоқ», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

17 мамырда елордада «Жаһандық сын-тегеуріндер саммиті» атты ХІ Астана экономикалық форумы өтті. Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Елбасы шиеленісті жағдайлардың көбейгеніне және қазіргі өркениеттің жаңа жаһандық трансформациясына тоқталып, ғаламдық дамудың басты бес мегатрендін атап өтті. Біріккен Ұлттар Ұйымының сегізінші Бас хатшысы Пан Ги Мун Астана экономикалық форумы жаһандық сын-тегеуріндерді талқылап, оларды еңсеру жолдарын табу ісінде маңызды рөл атқаратынын айтты.

«Дүниежүзі Қазақстанның сенімді әрі серпінді дамыған мемлекет екенін көрді. Бұл жерде тек соғыстарды тоқтату немесе бейбітшілік орнату мәселелерінде ғана емес, инвестиция құю, экономиканы дамыту, әртүрлі сұрақты Қазақстанмен талқылауда бізбен санасатын болды. Қазақстанның сыртқы саясатын жақсартудағы мақсаты да сол. Өзінің экономикасын дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсарту», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова.

2018 жылдың 1 шілдесі Ұлттық домбыра күні деп жарияланды. Осы айтулы күнге арналып елордада концерт өтті. Оған Елбасы қатысып, бұл музыкалық аспап қазақ халқының мәдениеті мен тарихында айрықша орын алатынын айтты. Дәл осы жылы 6 шілдеде бас қаламыз өзінің 20 жылдығын кең көлемде атап өтті. Әр қазақтың жүрек төрінен орын алған Қазақстан, Тәуелсіздік, Астана деген асыл сөздер бірін-бірі айшықтап, толықтыра түсетін қастерлі де қанаттас ұғымға айналды.

«Елбасымыздың даналығының үлкен бір көрінісі – елордадай жаңа қаланы өмірге әкелуі. Бүгінде астананың қандай түрге, көрікке ие болғанына қараңызшы. Әлем танып жатыр. Керемет ғимараттар бой көтеріп, қаншама іс-шаралар өткізілді», –дейді Қазақстанның еңбек ері, алтын жұлдыз орденінің иегері Аягүл Миразова.

2018 жылдың 12 тамызында Ақтауда V Каспий саммиті өтіп, оған теңіз жағалауындағы Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан елдерінің президенттері қатысты. Дәл осы алқалы жиын барысында 25 жылдан бері күрмеуі күрделі проблемаға айналып келген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалған болатын. Ал 21 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. Елбасы өз мақаласында «Ұлы Даланың өткен тарихын жаңғырту және сақтаудың бірегей тұжырымдамасын ұлт құндылығы ретінде ұсынды.

Қасымхан Талғатұлы, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир