2016 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы тойланды. Осы кезең ішінде не тындырдық? Бұл датаны Мәңгілік Ел болуға бекінген мемлекетіміздің бүгіні мен келешегі туралы ой толғайтын еліміздің есепті жылы десек, қателеспейміз. Ал 2017 жылы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өткен Қазақстандағы ең маңызды оқиғалардың бірі – «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2016 жылдың 1 наурызы алғаш рет Алғыс айту күні деп жарияланды. Осы күні Мемлекет басшысы айтулы күнге арналған іс-шараларға қатысты. Ел Президенті тарихымыздың көптеген беттері биік моральдық құндылықтардың бірі ретінде алғыспен байланысты екенін атап өтті. Ал 1 сәуірде Елбасы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің бірінші сессиясына қатысты. Қазақстан Президенті еліміз бүгінде уран қоры және оның кенін өндіру жөнінен әлемдік көшбасшы болып отырғанын, сондай-ақ осы өнімді негізгі экспорттаушылардың бірі екенін атап өтті.
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Назарбаевтың беделінің, саяси біліктілігінің арқасында біз ядролық материалдармен жұмыс істедік. Бұл жұмыстар мен Алматыда қызмет еткен жылдары, яғни 1996 жылы басталған еді. Бүгінгі күнге дейін ядролық қауіпсіздік бағытында бірлескен жұмыстарымыз жалғасып келеді. Бұдан бөлек Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық байланыс жылдан-жылға беки түсуде», – деді АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі (2019 - 2021 ж.ж.) Уильям Мозер.
Дәл осы жылы Ри-Де Жанейродан жеткен жағымды жаңалық желдей есті. Біздің спортшыларымыз осы жаздағы жазғы олимпиадада аянып қалған жоқ. Данияр Елеусінов, Нижат Рахимов, Дмитрий Баландин секілді саңлақтарымыз көк байрақты кезек-кезек желбіретіп, Бразилия төрінде әнұранымызды шарықтатты. 13 қыркүйек Елбасы мемлекеттік басқару жүйесіндегі кадрлық және құрылымдық өзгерістер мәселелері жөнінде мәлімдеме жасады. Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтегі және бірқатар мемлекеттік органдардағы жаңа тағайындаулар мен құрылымдық өзгерістерге түсініктеме бере отырып, олардың қазіргі сын-қатерлерді лайықты еңсеру қажеттілігінен туындағанын айтты.
«Әрине, бұл өзгерістерді енгізу кезінде мемлекеттік аппарат, мемлекеттік басқару жүйесі де өзгерді. Министрліктер, агенттіктер пайда болды. Қосылды, ажыратылды деген сияқты. Бірақ әрқайсының өз миссиясы болды. Сол миссиясын өздері орындады», – деді ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл.
Ал 2017 жылы Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар бойынша алғашқы саммитін өткізді. Көптеген жобалар ШЫҰ-на мүше мемлекеттер белсенді қатысушысы болып табылатын «Бір белдеу – бір жол» стратегиясы аясында қолдау табады. 2017 жылы 3 ай аралығында өткен Қазақстандағы ең маңызды оқиғалардың бірі – «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу болды. Қазақстан әлемдік масштабтағы бұл ірі шараны ұйымдастыру және өткізу құқығын жеңіп алған алғашқы посткеңестік мемлекет атанды. Қазақстан баламалы энергия көздерін табуға қатысты әлем ғалымдарының тәжірибесін бір көрмеде тоғыстырды. Оған 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмені тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллион адам келді.
Қасымхан Талғатұлы, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы