Азаттық жылдары дүние келген азаматтар үшін талантты жастарды қолдау мақсатында жаңа жоба жұмысын бастамақ. Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындауды ұсынған еді. Таланты бар, танылып үлгермеген жастарға қандай мүмкіндік туды? Күні кеше қабылданған қаулы туралы толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты азаматтардың инновациялық жобалары мен ғылыми-техникалық әзірлемелеріне қолдау көрсету үшін және стартап жобалар мен шығармашылық қабілетті дамыту мақсатында жүзеге асқалы отыр. Ел Президентінің ұсынысы негізінде жолға қойылған грантқа Қазақстан Республикасы Үкіметінің 8-шілдедегі қаулысында түсініктеме берілді.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының мақсаты – талантты жастарды анықтау, олардың жобаларын қолдау. Өздері қатысып, жобаларын ұсынады. Грант жеңіп алған жағдайда, олар 3 ай сайын өздерінің жобалары жайында есеп дайындап, өткізіп тұрулары керек. Дәл осы жұмыстарды қарайтын уәкілетті орган құрылады», – деді Медеу аудандық жастар саясаты бөлімінің үйлестірушісі Дидарбек Ділдәбек.
Аталған грант конкурстық негізде 5 бағыт бойынша тағайындалады. Оған 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Өз жобасын байқауға ұсынамын деушілердің қатарында Артық Құрманәлиев те бар. Ол адам және тауар тасымалын ұйымдастыратын бірыңғай әрі топтастырылған қосымша дайындап жатыр. Үміткер «Мұндай қызмет түрін шетелдік компаниялардың өніміне сүйенбей-ақ, отандық қосымшаларды қолданысқа енгізу керек» дейді.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты мен сияқты жастарға үлкен мүмкіндік. Осы грантты ести сала, өз жобаларымды дайындай бастадым, соны ұсынсам деп отырмын. Оның мақсаты – қазақстандықтардың жүріп түруына, қатынауына үлкен мүмкіндік беретін бір қосымша жасау», – деді грантқа үміткер Артық Құрманәлиев.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінім беру 20 шілдеде басталады. Үміткер өз құжатында жобаның сипаттамасы мен бейнетаныстырылымын, сондай-ақ авторлық жобасына жұмсалатын шығыс сметасын көрсетуі шарт. Айта кетейік, аталмыш грантты Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Мадина Оқас, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» телеарнасы