1994 жылы тәй басқан Тәуелсіздік иегері Қазақстан жаңа қоғамдық-саяси кезеңге қадам жасады. Бұл жыл ел болашағы үшін жасалған нақты шешімдермен есте қалды. Дәл осы жылы еліміздің ең басты шекаралары шегелене бастады. Сондай-ақ халықаралық байланыстар мен дипломатиялық қарым-қатынастар дамыды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
1994 жылы елде елулі оқиғалар мен тарихи маңызды сәттер аз болған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанда тұңғыш рет қазақстандық азаматтың ғарышқа аттануы сол кезгі айтулы жайт еді. Алғаш рет Талғат Мұсабаев орбитаға аттанып, онда 126 тәулік бойы жұмыс істеп, ашық ғарышта 11 сағат 7 минут болды. Сапар кезінде Ресей мен АҚШ-тың «МИР-НАСА» және қазақстандық «Полет-М» ғылыми бағдарламасы бойынша зерттеулер мен тәжірибелер жүргізді.
1994 жылы мемлекетіміз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында бірінші болып ядролық қаруды таратпау туралы келісімшартқа қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан өз еркімен қуатты қарудан бас тартып, ядролық қаруы жоқ ел ретінде зұлматпен күрестің алғашқы баспалдағын қалады. Осылайша, АҚШ, Ресей, Ұлыбритания сияқты державалардан ел қауіпсіздігінің халықаралық кепілін алды.
Дәл сол жылы бір топ қазақстандық студент алғаш рет «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелдік жоғары оқу орындарына жіберілді. Бүгінде «Болашақ» стипендиясымен оқып келген түлектер білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында жүздеген ғылыми ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге жетіп отыр.
«Осы 30 жылдың ішінде жеткен жетістіктеріміздің бірі – Елбасымыздың арқасында пайда болған «Болашақ» бағдарламасы. Шетелде оқып жүргенде көптеген адамдар таңданыспен «Қандай бақыттысыңдар, қандай керемет мелекетте тұрасыңдар! Сендерді осылай жіберуге мүмкіндігі бар ондай мемлекет әлемде бірді-екілі ғана шығар» дейтін», – деді халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі Арайлым Әукенова.
7 наурыз күні алғаш рет Парламенттік сайлау өткізілді. Сайлау республикада көппартиялылықтың қалыптасуына ықпал етті. Осылайша, алғаш рет парламенттік оппозиция қалыптасты. Ал сол жылдың жазында Жоғарғы Кеңес депутаттары астананы Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады.
Өз баяндамасында Елбасы Ақмола қаласының тәуелсіз мемлекетіміздің астанасы болып таңдалуының 32 негізгі өлшемін көрсетіп берді. Сол кездегі шешім қазіргі таңда дамыған елдің айқын айнасына, мызғымас темірқазығына айналды.
Қайрат Советбекұлы, Назкен Еркін, Мадина Оқас, «Алматы» телеарнасы