Шекараның нығаюы, «Болашақ» стипендиясы: 1993 жыл қандай тарихи оқиғаларымен есте қалды

18.11.2021 01:10

Бүгінде еңсесін тіктеген егеменді Қазақстанның әр күні маңызды оқиғалар тізбегінен құралады

Almaty.tv

Тарих тармағында 1993 жыл ел үшін жасалған елеулі қадамдарымен есте қалды. Бұлай дейтініміз, ел іргесінің берік болуының басты бағыты Ұлттық төл теңгеміздің айналымға енуі еді. Сонымен қатар Тәуелсіз Қазақстанның егемендік шеңберіндегі бірқатар нық шешімдері де дәл сол жылы жасалған болатын. Мәдениет пен өркениет аясындағы өзекті оқиғалар да осы кезең қатпарында қалыптаса бастапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Тәуелсіз елдің еркіндігі алдымен оның эконoмикалық жағдайына тікелей тәуелді екенін ескерген еліміз бірден батыл қадамдар жасады. Қай салада болмасын, қарыштап қадам жасаған жаңа Қазақстан әлем елдерімен иық тіресу үшін экономика тұрақтылықтың маңызды екенін түсінді. Содан 1993 жылы 15 қарашада ұлттық төл теңгемізді айналымға жіберіп, мемлекет ішінде ақша айырбас механизмі қалыптасты.

«Мұндай оқиғалар әр елде тек бір рет қана болады. Бәріміз де өз төл теңгемізді енгізудің қажеттілігі мен жағдайдың ерекшелігін түсінуге тиіспіз», – деді сол кезде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Еңсесін енді тіктеген ел келесі қадамын шекарасын шегендеп, Тұран даласының территориясын заңды түрде бекітіп алуды жөн санады. 1993 жылы 26 ақпанда әлемде жер көлемі бойынша 9-орынға табан тірген алып мемлекет өзінің тұтастығын, географиялық орналасуын заңды түрде қабылдап, әлемге паш етті. Ал Қазақстан шекарасының ұзындығы 14 мың шақырым екенін ескерсек, алдымен Қытай Халық Республикасымен шектескен 1700 шақырымды айқындап алу алғы орында болыпты.

«Егемендіктің ел үшін аса маңыздылығы дәлелденді. Қазір Қазақстанды барлық ел мойындады. Өйткені алға қойған қауіпсіздік міндеттері мойындалды», – дейді Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Ролдугин.

Бағыты айқындалып, бұғанасы бекіген Қазақстан дәл осы жылы сыртқы елдермен етене байланыс орнатып, елшіліктер санын арттырды. Сөйтіп Қазақстанның әрбір азаматының құқығын қорғау мақсатында 4 бөліммен 21 тараудан, 131 баптан тұратын заңын қабылдады. Бұл кездегі күнтізбе 1993 жылдың 28 қаңтары еді. Ал осы 1993 жылдың 5 қарашасында сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Сөйтіп студенттердің білім көкжиегі кеңіп, мұхит асып, материк бағындырған қазақ баласы әлемнің үздік елдерінде оқуға мүмкіндік алды.

«Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасының стипендианты атанып, Лондонда туризм менеджмент мамандығында магистратура оқып жатырмын. Туризм саласында оқып жатқан менің мақсатым – Қазақстанның әдемі жерлерін әлемге таныту», – деді «Болашақ» бағдарламасының түлегі, экономист Жасұлан Күшебаев.

Әлемге түңлігін түріп, тәжірибе алмасуға есігін айқара ашқан Қазақстан енді ел ішіндегі мәдени шаралардың шеңберін құрап, маржандай тізбектеді. Оның ішінде Қазақстанның халық әртісі Бикен Римованың 70 жасқа толуын қарашада Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрында атап өтті. Ең мақтанарлығы, бұған қатысты құнды жәдігерлердің бәрі қазір театр мұражайында қаз-қалпында сақтаулы тұр.

«1995 жылы 5 қарашада Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері Бикен Римованың 70 жылдығы кермет аталып өткен екен. Ол сол кездегі ауқымды іс-шараның бірі болған», – дейді М.Әуезов атындағы драма театр мұражайының жетекшісі Наргиз Тамабекқызы.

Мәдениет пен өркениттің ескегін қатар ескен дамушы Қазақстан 1993 жылы өнер майталмандары мен зиялы қауым өкілдеріне баса назар аударды. Мұражайлар мен архив қорының да қазынасы осы кезеңде толастай түсіпті.

Бүгінгі еңсесін тіктеген егеменді Қазақстанның әр күні жоғарыда айтылғандай оқиғалар тізбегінен құралады. Тарих беттерінде алтынмен жазылған көпұлтты дархан еліміздің Тәуелсіздігі тұғырлы болғай!

Әлібек Шынтемір, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы