Алматыда қылқалам шеберлерінің арасында қала күні бастау алған пленэр бүгін мәресіне жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты байқауға барлығы 15 суретші қатысқан. Оның 5-еуі – егемендік құрдастары. Осылайша, екі буынды тоғыстырған жобаның басты мақсаты – қала дамуының үш кезеңін шығармашылық тұрғыда бейнелеу.
«30 жылдықтың аясында Қазақстан Суретшілер одағымен бірлесіп осындай кең көлемді қалалық пленер ұйымдастырдық. Оның басты мақсаты – қаланың 19-ғасырдағы, 20-ғасырдағы және бүгінгі сәулет ескерткіштерін қайта жаңғыртып, сақтап, тарихи-мәдени мұрамызды насихаттау. Бұл шараны бейнелеу өнерін насихаттау мақсатында жасалып жатқан игі бастама деп білерсіздер», – деді қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев.
Көрмеге ұсынылған жұмыстар 21-ғасыр суретшілерінің қазіргі заманға деген көзқарасын бейнелейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шығармаларда уақыт ағымындағы қала бейнелері көрініс тапқан. Байқау жеңімпазы да сол талапқа сай таңдалыпты.
«Пленэр арқылы суретшілер табиғатпен тығыз байланысып, табиғаттан көп нәрсе алады. Соны түсініп, суретшілерді демеп, көңіл бөлудің өзі суретшілер мәртебесін көтереді. Сол үшін Алматы әкімдігіне ризашылығымды айтамын», – дейді байқау жеңімпазы Нұржан Сауытбеков.