«Республикамыз үшін егемендіктің алғашқы жылдарында қабылданған шешім – болашақ алдындағы басты қадам». Осылай деген Мемлекеттік орталық музейдің қызметкері Almaty.tv арнасы жариялаған «Тәуелсіздік мен үшін» челленджінің аясында дамудың даңғыл жолындағы естелігін айтты. Сондай-ақ азаттықтың куәгері және алтын бесігі болған Алматының бүгінгі мәдениетіне де тоқталып өтті.
Мемлекеттік Орталық музейдің қызметкері Бибіфатима Бағдәулетова 1992 жылы ашылған «Тәуелсіздік» залындағы барлық жәдігерді таныстырып, оның тарихы мен құндылығына ерекше тоқталды. Мұндағы экспонаттың барлығы 30 жылдың ішіндегі тарихи белестерден сыр шертіп, егеменді еліміз жеткен жетістіктерінің дәлеліне айналған. Ал челленжіміздің бүгінгі кейіпкері аталмыш залда алғашқы отандық валютаның қойылғанын, тіпті, Тұңғыш Президенттің ант беру рәсімінде киген шапаны да ілінгенін айтты.
«Алматы – мәдениеттің де, ғылымның да, экономиканың да орталығы, еліміздің бұрынғы астанасы болғаннан кейін, маңызды шешімнің бәрі осы қалада қабылданған болатын», – дейді ҚР Мемлекеттік орталық музейі экскурсия бөлімінің жетекшісі Бибіфатима Бағдәулетова.
Ал тарихшы Гүлсара Жапақованың айтуынша, егемендік – еліміздің хандық дәуірінен бері аңсаған, бүгінде ақиқатқа айналған арманы. Сондықтан қоғам сол құндылықты бағалай білсе дейді.
«Тәуелсіздік туралы айтқанда, ең алдымен, ата-баба арманы болғанын түсінген жөн. Мысалы, тарих беттерін ашып, барлық оқиғаның азаттық жолында болғанын көре аламыз. Біздің тарихи тұлғаларымыз ел ертеңі үшін және қолымыз жеткен егемендігіміз үшін күресті», – деді ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қызметкері Гүлсара Жапақова.
Тәуелсіздікке қатысты естелігін бөліскісі келетін жандар телеарнамызға хабарласып, кезекті бейнематериалдың кейіпкері бола алады. Ол үшін «Тәуелсіздік мен үшін» және «Тәуелсіздік бесігі» тақырыбында видео түсіріп, +7 775 732 88 62 нөмірге жолдаңыздар.
Оразай Нұртай, Ескендір Тоғызпаев, «Алматы» телеарнасы