Елордада ақын Мұратхан Шоқан құрастырған «Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбомының тұсаукесері өтті. Бұл кітапта еліміздің әр облысында ең үздік саналатын ауылдардың тыныс-тіршілігі сипатталған. Басты мақсат – альбом арқылы сол үздік ауылдарды өзгелерге үлгі ету, жоба арқылы кәсіпкер азаматтардың назарын туған ауылына бұру, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбомы идеясының авторы Мұратхан Шоқан жаз бойы еліміздің барлық облысынан материал жинап, жинақты жарыққа шығарған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі «Әр ауылдан шыққан азаматтар өңірдің дамуына үлес қосып отыр» дейді. Аталған кітапқа елдің барлық облысынан 2-3 үздік ауыл енген. Жалпы, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай тек 30 ауыл ғана іріктеліп алыныпты.
«Бұл жоба барысында менің ерекше атап өтетінім, бізде гүлденген ауылдар бар. «Дос басқа, дұшпан аяққа қарайды» дейді, біз дос болып басымызға қарай білуіміз керек. Жетістікті көре білу керек. Бірінші мақсат жетістікті көрсету болса, екінші мақсат сол ауылдарды көркейтуге өлшеусіз үлес қосып отырған кәсіпкер азаматтарды көрсету. Мен бір ай бойы ауылдарды аралаған кезде көрдім. Туған жерге туын тігіп, ауылына бар ақшасын, қаражатын салып, сол ауылдың қазанын қайнатып отырған мықты азаматтар бар», – дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұратхан Шоқан.
Анықтамалық альбомда ауылдың тарихы мен ондағы әлеуметтік нысандар қамтылған. Ал ауылдан шыққан тұлғалар деген бөлімде елдімекенді көркейтіп отырған жандар таныстырылған. Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп келешекте бұл жобаның ауқымын кеңету керек дейді. Тек 30 ауыл ғана емес, 300 ауылға жетсе нұр үстіне нұр болады деген тілегі бар.
«Қазақстан әлеуеті, Қазақстанның мұнайы, Қазақстанның астығы, Қазақстанның алтыны, күмісі деп жатамыз. Сол сияқты Қазақстан ауылдары да үздік болуы керек. Кемшілігі жоқ ауыл болмайды, әлбетте. Дегенмен, кей ауылда барлық тиісті жағдайлар жасалған, бассейнге дейін бар. Мәселен, Қызылорда облысындағы ауылда аудан орталығына бергісіз керемет сауда үйі, жастар аллеясы бар», – деді, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
Таныстырылған жинақтың идеологиялық тұрғыда да мәні бар. Қолайлы жағдай жасалған үздік ауылдарды көріп-білу арқылы халықтың көкейінде ауылға деген көзқарас пен сенім түзелмек. Ұлттық экономика вице-министрi Әлішер Әбдіқадыров ауыл мәселесінің өзекті болып тұрғанын айтады.
«Ауыл мәселесі қашан да басты назарда тұруы тиіс. Атам қазақ «Ауыл болсаң қауым бол» деп бекер айтпаған. Сондықтан еліміздегі ауылдарды дамытуға, көркейтуге осы кітапқа кірістірілген материалдар, деректер септігін тигізеді деп ойлаймын», – деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров.
Салтанатты жиынға қатысқандар ауылдардың жағдайын елеп, оның ғажайыптарының қала өмірінен кем түспейтінін дәріптеуде мұндай жобалардың ықпалы зор екенін айтып тарқасты.
Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан