Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Алматыға Түркияның ХІ президенті Абдулла Гүл жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен шараға зиялы қауым өкілдері, дипломаттар мен студенттер қатысты. Кездесу барысында екі ел арасындағы көпжылдық жемісті ынтымақтастық, саяси қарым-қатынас сөз болды. Абдулла Гүл арнайы дәріс оқып, өзінің саяси тәжірибесін бөлісті. Түрік мемлекетінің бұрынғы басшысы Қазақстанның жетістіктері туралы ерекше ықыласпен әңгімеледі.
«Қазақстан – біздің Атажұртымыз. Біз қаншалықты алыста болсақ та, Қазақстанмен қауышуды аңсадық. Елдің жетістіктері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Көшбасшы көреген, жанкешті болуы керек болса, осы қасиеттер сіздердің көшбасшыларыңызда бар. Соның арқасында елдеріңіз әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алып отыр. Осы ретте баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймыз!», – деді Түркияның ХІ президенті Абдулла Гүл.
Шара соңында Абдулла Гүлге «Құрметті профессор» атағы беріліп, «Әл-Фараби» алтын медалімен марапатталды. Айта кетсек, Абдулла Гүл 2007 мен 2014 жылдар аралығында Түркияның президенті болды.
«Ол президент болып тұрған кезде Қазақстан мен Түркияның арасы белгілі бір белеске көтерілді. Екі ел арасында осы ғылым мен технология, жасанды интеллект бойынша байланыс, ынтымақтастықтың үлкен келешегі бар деп ойлаймын», – деді «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл.