Тәуелсіздік еліміздің өнер саласына шығармашылық еркіндік пен айрықша көзқарас әкелді. Осылай деген қазақ өнерінің майталмандары егемендіктің елімізге, ұлтымызға бергені өлшеусіз екенін айтады. Олар Кеңес заманында ана тілде үлкен концертте ән шырқаудың өзі бір қуанышты оқиға болатынын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Халқы жадында жатталған әннің тарихы 90-шы жылдардан бастау алады. Туындыны егемендікті аңсап, елдіктің туын алдына көтеруді армандаған өнерлі Алтаевтар отбасы жазып шығарған. Кеңес өкіметі билеген кезеңде Тәуелсіздік таңына арналып жазылған әнді тек туған-туыс, дос-жаранның ортасында ғана орындауға мүмкіндік болған. Ал егемендік алған тұста «Қазағым-ай» деген ән шумақтары қазақ аспанында әуеледі. Қатал цензурадан еңсесі езілген талантты жанның да өнері өрге жүзе бастады.
«Өзбекстан қазақтарында «Қазағым» деген ән гимнге айналып кеткен. Әр тойда, әр концертте айтылады. Мектептің бағдарламасына да енгізілді. Алтайдың ар жағындағы, Қытайдағы қандастарымыз да сол әнді айтады. Рухы, жігері көтеріледі. Халықтың әніне айналып кетті. «Қазағым» деген әнді 90-шы жылдары жазғанмын. 1991 жылы егеменді ел болып, арманымыз орындалды деп, әлі күнге дейін сол әнді айтамын», – деді композитор, әнші Өктем Алтаев.
Өнердегі аға буынның айтуынша, кеңестік идеология отандық киноиндустрия мен халық арасында кең таралған әндерге де әсер етті. Олардың басым бөлігін орыс тілінде шығару немесе қайта жазу міндеттеліп, ана тілі кенде қалып қойды дейді олар. Ал егеменді елімізде бір кездері қолдан іріктеуге ұшыраған қазақ тілі қанатын қайта кең жайды.
«Қазақтың халық әндерінің де сөзін орысшаға аударып жіберген. Қазақ халық тілінде ән айта алмай, орыс тілінде айтуымыз керек болды. Ол кинофильмдерде өте көп кездеседі. Одан кейін 80-ші жылдары, мысалы, Алтынбек Қоразбаев ағамыздың «Сағындым Алматымды» деген әні қазақша басталып, екінші шумағы орысша болып кетеді. Сондай әндер көп болды», – дейді Өктем Алтаев.
Дербес мемлекет құруға батыл қадам жасаған Қазақстан рухани салада үлкен серпін жасады. 30 жылда азаттықтың тұғыры нығая түсті.
Сымбат Ноғай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы