Елордада қала күні қарсаңында құтқарушылар саябағы ашылды. Демалыс орнында қызмет көрсету кезінде қаза болған құтқарушыларға арнап ескерткіш те қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Саябақтың балаларға және ересектерге арналған екі бөлігі бар. Сондай-ақ, мұнда әскерилерге оқу жаттығу жұмыстарын жүргізуге де қолайлы жағдай жасалған.
«Мына ескерткіш өз өмірін аямай, өзгеге өмір сыйлаған әріптестерімізге арналады. Енді осы саябақта құтқарушылардың ант қабылдау, спорттық жаттығулары секілді шаралары өтетін болады. Құрмет тақтасына үздік құтқарушылардың фотосын қоямыз. Ұрпақтарыңыз мақтанатын болады», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері осы саланың 54 қызметкері қаза тауыпты. Солардың бірі Руслан Какишев. Ол 2010 жылы өрт сөндіру кезінде жанын құрбан еткен. Құтқарушыларға арнап қойылған ескерткіш басына Русланның туыстары мен артында қалған егіз қызы келді. Ал, ұлы әке жолын қуып, қазір құтқарушы болып Шығыс Қазақстанда қызмет атқарады.
«Осы өрт сөндіру кезінде, мемлекеттің мүлкін, адамдарын қорғаймын деп ерлікпен қаза тапты. Біз үшін ауыр қайғы болды. Қазақтың қарапайым баласы партиоттық танытып, сол өрттің ортасына кіріп тұрып, қызмет жасай жүріп, 40-қа да толмастан қыршын қиылды», – деді Руслан Кәкішевтің апасы Құралай Кәкішева.