Алматыда мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеуге арналған иппотерапия жобасы іске қосылды

Игі бастама елорда күні мен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында арнайы іске қосылып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық мүмкіндігі шектеулі 100 бала енді иппотерапия курстарына тегін бара алады. Игі бастама елорда күні мен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында арнайы іске қосылып отыр. Ол  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аутистік спектрдегі мүгедек балаларға арналған мекемелер санын ұлғайту туралы тапсырмасына сәйкес елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қорының «Қамқорлық» жобасы аясында жүзеге асты. Ол үшін мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бүгіннен бастап біз иппотерапия курстарын ашып жатырмыз. Бұрын ата-аналар келіп, өздерінің осындай ұсынысын айтқан. Бізге өте қиын, ол үлкен қаражат тұрады деп. Енді, міне, бүгіннен бастап тегін, өздері келіп жатыр. Қазір  100 балаға дейін қамтимыз», – деді қала әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов.

Иппотерапия  – науқастың неврологиялық дамуы мен физикалық әл-ауқатын жақсарту үшін қолданылатын заманауи әдіс. Жылқыға мінгенде ағзадағы барлық дерлік жүйе мен бұлшық ет жұмыс істейді. Сондай-ақ, ат терапиясы адамды сабырға шақырып, күйзелістен арылтады. Осы уақытқа дейін ақылы болған иппотерапия енді қаладағы көптеген жарымжанды балаларға қолжетімді болмақ.

«Бұдан келетін әсері, Аман жануарлардан қоқатын. Осы атқа бара бастағаннан кейін жануарлармен қарым-қатынас, тек қана ат емес, басқа да жануарларды көргенде қорқуын басты. Сабақтан кейін Аман демалып, ұйқысы тыныш болады», – деді қала тұрғыны Ақмарал Сансызбаева.

Игі жоба психоневрологиялық аурулары, ақыл-ой кемістігі, тірек-қимыл аппараты бұзылған, оның ішінде балалардың церебральды сал ауруы, даун синдромы, аутизм спектрі бұзылған 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды қолдауға және оңалтуға бағытталған. Ал, иппотерапияның арқасында мүгедектігі бар балалар аурудың алғашқы кезеңдерінде дертінен айығып кететін сәттер де жиі кездеседі.

«Он жылдан астам уақыт бойы церебралды сал ауруы бар балалармен жұмыс жасай келе, біз оларды аяққа тұрғызуды, әлеуметтендіруді үйрендік. Алайда мүгедектік мәселесі ешқайда кетпейді ғой. Сондықтан бала дағдыларды игергеннен кейін оған өз сүйікті ісін тауып беру идеясы келді. Біз баланы қалпына келтіруге көмектесетін және оған қызықты болатын осындай әдіс таптық», – деді реабилитолог Сергей Селиванов.

Иппотерапия курсына жазыуға ниетті алматылықтар Достық даңғылы 85 мекенжайындағы Әлеуметтік қызметтер үйінің көмегіне жүгіне алады. Ол үшін бала бір жастан асқан болуы керек.

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров