«Желтоқсан – Ел Тәуелсіздігінің бастауы» фильмі «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Туындыда Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың және Тәуелсіздік жылдарындағы Алматының қоғамдық өмірі баяндалады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Желтоқсан  Ел Тәуелсіздігінің бастауы» атты деректі фильмінің тұсауы кесілді. Туындыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың және Тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңдеріндегі Алматының тарихи, қоғамдық өмірі туралы баяндалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

1986 жылы Алматы жастарын еріксіз алаңға шығарған осы қаулы еді. Басшылықтың өзге елден келуі жергілікті халықтың төбесіне жай түскендей әсер етті. Желтоқсан көтерілісі Қазақстанды ғана емес, бұрыңғы Кеңес Одағындағы басқа да елдерді дүр сілкіндірген тарихи оқиға деп баға берді тарихшылар. Ол ел азаттығы, Тәуелсіздік үшін болған күрестің заңды жалғасы деп пікір білдірді.

Сол қозғалыста қаза тапқан боздақтардың туыстары үшін желтоқсан айы ең ызғарлы уақыт еді. Фильмде Ләззат Асанованың анасы да арнайы сұхбат береді. Продюсерлер оның қайтыс болардан бір ай бұрын хабарласқанда арнайы жобаға түсуге бірден келісім бергенін айтады.   

Шығармашылық топтың айтуынша, деректі фильм 5 ай уақыт көлемінде түсіріліп дайындалған. Бір сағаттың телевизиялық жобада Желтоқсан оқиғасына қатысқан 60-қа жуық кейіпкерлер мен тарихшы-ғалымдардан сұхбат алынған. Сондай-ақ зерттеушілердің деректері мен Желтоқсан қаһармандарының тарихи естеліктері бар. Фильмді тамашалаған жұртшылық соңында түгелдей орнынан тұрып, көз жасына ерік берді.

«Мен өте риза болдым, біз басынан аяғына дейін еңіреп жыладық, шыны керек. Бұл деген қазақтың тарихы ғой. Енді қантөгіс болмай-ақ қойсын. Қазағымның бәрі мен сияқты әжелері осылай ақ ормал тағып, кейінгі ұрпағымызды тәрбиелей берейік», – деді Желтоқсан оқиғасына қатысушы Ақкүміс Ықыласова.

«Өткеніміз есімізге түсті, біраз тебіреністе болдық. Бүгінде 30 жылдығын тойлап жатқан Қазақстан ары қарай өркендей берсін», – деді Желтоқсан оқиғасына қатысушы Жанаркүл Шайзақызы.

Тәуелсіздік – езілген еңсені тіктеуге мүмкіндік берді. Азаттық – өзге елдермен тереземізді теңестірді. Бостандық – дербес даму жолымызды өз қолымызға ұстатты. Бұл фильм осындай ұлы атаулардың қадірін кейінгі ұрпаққа түсіндіретін таптырмас жоба дейді желтоқсаншылар.

«Қайғыдан қапаланып жазған едім.

Мың өліп мың тірілген қайран жұртым,

Тілеймін қазағыма мәнгі ғұмыр,

Майлансын қанжығасы және ұртың», – деп өлең шумағын оқыды Желтоқсан оқиғасына қатысушы Мәден Әбілов.

Ұлтымыздың Тәуелсіздік үшін күрескен, басын бәйгеге тіккен аяулы ұл-қыздарына арналған арнайы деректі фильм қалалық қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен, «Алматы» телеарнасының ұйытқы болуымен түсірілді. Тарих беттерінде алтын әріппен жазылған Желтоқсан оқиғасынан сыр шертер жаңа жобаны көрермендер алдағы күндері Almaty.tv арнасынан тамашалай алады.

Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров