Тәуелсіздік жылдары 21 мыңға жуық ғылыми жоба жүзеге асқан

almaty.tv
almaty.tv
Соның негізінде ашылған салалық зерттеу орталықтары да қазіргі таңда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп жүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тәуелсіздік алған тұстан бері республика бойынша 21 мыңға жуық ғылыми жоба жүзеге асқан. Соның негізінде ашылған салалық зерттеу орталықтары да қазіргі таңда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Ел егемендігімен қоса келген прогресс турасында Almaty.tv тілшісі толықтырады.

«Ғылымы жоқ елдің болашағы жоқ». Ғұлама ғалым Әл-Фарабидің сөзі бұл. Келешектің іргесін берік қалауды мұрат еткен Қазақстан да тәуелсіздікке қол жеткізе салысымен түрлі саланың дамуына баса назар аударды. Соның бірі – ғылыми әлеует. Бүгінде елімізде ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысатын 400-ге тарта ұйым бар. Олар өнертабысты жолға қойып, зертханалық жұмысты жүзеге асырып отыр.

«Ғылыммен айналысамын деуші жастарға Тәуелсіздік алғалы үлкен мүмкіндіктер жасалып жатыр. Мен соны пайдалана алғандардың бірімін. Қазір біз тұрған зертхана наноматериалдарды өндіретін негізгі орталық болып саналады. Қолданысқа кетіп жатқан түрлі тауарлардың жобасын осында құрып, алғашқы шығарылымын да дәл осы жерде сынақтан өткіземіз», – деді жас ғалым Данияр Исмаилов.

Наноматериалдарды техникадағы пайдаға асыруды көздейтін бұл орталықтың мамандары Тәуелсіздік алғалы отандық ғылымның халықаралық аренаға шығуына да мүмкіндік артты дейді. Ілім-білімнің дамуына бағытталған 2016-2019 жылғы жоспар 93.4 пайызға орындалған. Ендігіде, Қазақстан Республикасында білім беру және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асып жатыр.

«Зертхана құрылғалы бері университет ғылымы, жалпы Қазақстандық ғылым біршама алға басты. Жоғарғы рейтингтегі журналдардың басылымдардың саны басқа жылдармен салыстырғанда арта бастады», – деді Ашық түрдегі ұлттық нанотехнологиялық зертхананың директоры Мұхит Мұратов.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанның ғылым саласында 22 мыңға жуық маман жұмыс істейді. Еліміздегі ғылыми қызметкерлерінің 34%-дан астамы 35 жасқа дейінгі азаматтар. Олар ел егемендігімен қатар есейіп, Тәуелсіз Қазақстанның болашағына айналып келеді.

Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров