Ковидпен түскендерді емдейтін стационар, төсек-орын саны арта түседі. Індет өрши түссе Алматыда 7226 орынға арналған 32 аурухана дайын болмақ. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тікелей эфирде өткен «Akimat Live» бағдарламасында пандемияның екінші толқынына дайындық жұмыстары туралы айтты. 5,5 мың медициналық қызметкер кез келген уақытта көмекке дайын. Медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары, резиденттері мен интерн-дәрігерлер арасынан резерв құрылды, олардың саны 450-ге жуық. Сонымен қатар, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайы да айтарлықтай күшейтілген.
«Мәселен, 52 УЗИ аппараты, 38 рентген, 269 ӨЖЖ аппараты, 5 КТ, 2 МРТ аппараты сатып алынды. Бұларға қоса, көпсалалы медициналық төсектер, 250 төсек жанындағы монитор, зертханалық құрылғылардың 43 бірлігі, 1050 оттегі концентраторы алынды. Жедел жәрдем қызметінің автопаркі 35 автомашинаға жаңарды, жыл соңына дейін жедел жәрдемнің тағы 100 көлігі алынатын болады. Бірінші эшелондағы сегіз стационарға медициналық газдың 24 мың төсек-орындық орталықтандырылған жүйесі орнатылуда. 17 стационарда стоктарды зарарсыздандыру, ал 13-де медқалдықтарды утилизациялау жүйелері салынуда», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Бұдан өзге Бақытжан Сағынтаев жылу маусымының басталуы, қоғамдық көлік, инженерлік инфрақұрылымдар мен жолдардың салынуы туралы мәселелерге тоқталды. Шаһар басшысы осымен тоғызыншы рет арнамыздың «Akimat Live» бағдарламасына қатысып, 400-дей өзекті сұрақтарға жауап берді. Олар «Алматы» телеарнасының сайтында, «Вечерний Алматы» және «Алматы ақшамы» газеттерінде жарияланды.