Алматының Жетісу ауданында 4 ірі көше жөндеуден өтті. Қазан айының соңына дейін тағы 21 көшенің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың жетісулықтармен кездесуінде көтерілген өзекті мәселелердің бірі - осы жол мәселесіне қатысты еді. Жергілікті халық ойық-ойық жолдардан әбден шаршадық деген болатын. Тұрғындардың сұрауы бойынша Жетісу ауданында бұл бағытта тыңғылықтьы жұмыстар атқарылды. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында ауданда атқарылып жатқан шаруалармен Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке танысып қайтты.
Бұл – 3 шақырымға созылып жатқан Павлодарская көшесі. Қала әкімінің тапсырмасымен жуырда бұл көше орташа жөндеуден өтті. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұған дейін бұл жерде аялдама да, жүргіншілер жолы да болмаған екен.
Мына әуесқой бейнежазбадан Павлодарская көшесінің бұрынғы қалпын байқауға болады. Шұрық-тесік жолдар мен жаңбыр жауса шалшыққа батқан көше мұндағы тұрғындардың берекесін әбден қашырған. Қала әкімімен кездесу кезінде жетісулықтар бұл көшенің жөнделуін сұраған еді. Сұраулары ескерусіз қалмай, тапсырма көп ұзамай оңынан шешілді.
«Біздің Жетісу ауданымызда ең көп өтініш осы Павлодарская көшесінің тұрғындарынан түскен. Жол жасалмаған, тротуар жоқ, ағаштар кесілмеген деп. Міне бүгін, көріп тұрсыздар, құрылыс жұмыстары аяқталды, жол салынды, тротуар салынды. Осы көшеде тұрғындардың өтініштері бойынша тағы 2 аялдама қойылды», – деді Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов.
Көшенің адам танымастай өзгергеніне тұрғындар дән риза. Олар мұнда жүріп-тұруымыз жеңілдеп, өмір сүруіміз жақсарып қалды дейді.
«Жаңбыр жауса балшық, күн жылыса, шаң көтеріліп жататын. Арық жүйесі жол бойындағы ешқандай жұмыс істемейтін. Жаңбыр жауған кезде көрші көшелерге дейін ағып, үйдің алдына келетін. Сондай нашар болатын. Не көлікпен, не жаяу жүру мүмкін емес еді. Көшенің қалпына келуіне, жасалуына өте ризамыз. Оны ұзақ жасаған жоқ», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Мұрат Айымбетов.
Құрылысы аяқталған көшені жағалай жолдың екі жағынан 3 шақырым жерге тротуар да төселді. Тек «Айнабұлақ» ықшам ауданы бойынша 8-9 учаскіге жүргіншілер жолы салыныпты.
«Біздің ықшам ауданда жүргіншілер жолын салу бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Қазір біз балаларымызбен мұнда емін-еркін жүретін болдық. Кембағал жандар да мүгедектер арбасымен қозғалады. Өте ыңғайлы болып қалды», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Равиль Сәтімбеков.
Бұдан бөлек, аудандағы көшелердің құрылысына «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 60 адам жұмысқа тартылған. Алда Павлодарская көшесіндегі қызғылт сары реңктегі натрий шамдарын жаңа лэд шамдарға ауыстыру мақсаты тұр.
Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы