|
10.12.2021 | 14:03
4533

Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті

Елдің іргесі қалану жолында ерен еңбек иелерін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы марапаттады

Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті Victor Glutsenko

«Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі». Бүгін мегаполистің дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды. Елдің іргесі қалану жолында ерен еңбек иелеріне марапатты Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шаһар басшысы қала жұртшылығын Тәуелсіздіктің ордалы 30 жылдық мерекесімен құттықтап,сөз сөйледі.  

«Қазіргі таңда, ХХІ ғасырдағы жас қазақ елінің ұлттық идеясы Тәуелсіздік тірегіне айналған еркін дамудың жалпыұлттық идеясымен үндесіп отыр. Өйткені бүгінде еркін ел мен азат ұлттың ең басты мақсаты – келешегі кемел, болашағы біртұтас, мүддесі ортақ, мақсаты айқын, жоспары жасапмаз, құндылықтары сарқылмас, бірлігі бекем, тірегі мызғымас ел болу. Олай болса, мәңгілік ел мұратына нық қадам басып, табанды өркендеу бағытына берік ұстанған, мәңгілігін ойлаған, үмітін үкілеп, болашағына сеніммен қараған барша Алматы қаласы жұртшылығын ұлт тәуелсіздігінің ордалы 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын»,– деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.  

Құрметке ие болғандардың арасында басқарма басшылары, қоғам қайраткерлері мен денсаулық саласының мамандары да бар. Соның бірі – ардагер журналист Уәлихан Қалижанұлы. Тәуелсіздіктің жылнамалары мен сол жылдары Елбасы қабылдаған маңызды шешімдерді оқырмандарға алғашқы болып жеткізуде ерен еңбек еткен ол бүгін Парасат орденін иеленді.  

«Өте қуаныштымын. Өйткені расымен де, Тәуелсіздікке қызмет еткен журналистердің бірімін деп ойлаймын. Алматы – Тәуелсіздіктің тірегі. Қазақстың елі аман болғай, қазақтың жұрты аман болғай! Президентіміз біреу, Елбасы мен халқы тіреу болады деп ойлаймын. Сондықтан Тәуелсіздік құндылықтары айтылуы, жазылуы керек. Аудиторияларда жастармен кездесулер өткізілуі керек», – дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир