Ертең 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні. Алматыда соған байланысты бірқатар патриоттық акциялар басталды. Белсенді қала жастары мен спортты жанына серік еткен велошабандоздар қос дөңгелекті көліктерін көк тумен безендіріп, Медеу мен Шымбұлақ шатқалдарында шеру жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Мемлекеттік рәміздер күнін ұлықтау аясында әуелі таңғы сағат 6:00-де велошабандоздар ашып берді. Олар темір арбаларын көк тумен безендіріп, ұзын шеру жасады. Алайда, бағыт оңай емес. Сондықтан осындай жиынға қатысудың өзін мақтаныш санаған. 30-дан астам қатысушы өрге қарай 5 шақырым жол жүріп, Медеуден Шымбұлаққа дейін көтерілді.
«Мен бүгінгі велошеруді қолдап, осында келдім. Еліміздің мемлекеттік рәміздерін құрметтеймін. Себебі мен үшін елдің егемендігі мен азаттығын білдіреді»,– деді қатысушы Максим Мжельский.
Одан бөлек, қала жастары ұзындығы 50, ені 20 метр болатын еліміздегі ең үлкен туды алаңға алып шықты. Ұйымдастырушылардың айтуынша патриоттық сезімді ұялататын бұл акцияға 100-ге жуық белсенді қатысқан.
«Іс-шараны ұйымдастырған негізгі мақсатымыз осы рәміздер күніне арнап Қазақстандағы ең үлкен туымызды алып, осы стадионға қойып, осы жастармен бірігіп туымыз биікте желбірей берсін дегім келеді»,– деді ұйымдастырушы Бауыржан Махамбет.
Еске салайық, 1992 жылы 4 маусымда Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Сондықтан бұл күн ел тарихында рәміздер күні ретінде сақталады.