Ең көп заңбұзушылыққа жол берген банктер бестігі: заңсыз комиссияны қалай қайтаруға болады?

Ең көп заңбұзушылыққа жол берген банктер бестігі: заңсыз комиссияны қалай қайтаруға болады?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді ипотекалық қарыздың төлемін межелі мерзімінен 180 күннен артық уақыт кешіктіргендерден өсімпұл алуға шектеу қойылады. Осылайша, жеке тұлға сыйақы бойынша берешегінің өсіп кетуінен қорғалады, екіншіден, банктердің борышкерге қатысты дер кезінде шара қабылдау жауапкершілігі артатын болады. Сондай-ақ несие алған халықтан қаржы ұйымдары кейбір комиссияны алмайтын болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ипотекалық қарызының ай сайынғы төлемін дер кезінде өтей алмаған азаматтар 180 күннің ғана өсімпұлын төлейді, одан кейінгі уақытқа ол жүрмейді деген сөз. Ұлттық банк бұл қадамға қарыз алу және оған қызмет көрсету кезінде қарыз алушылардың шығыстарын қысқарту үшін барып отыр. Бұған дейін екінші деңгейлі банктер ипотекалық қарызын уақытында жаба алмаған азаматтардың негізгі қарызына өсімпұлды күн сайын қоса беретін еді.

«Сыйақы пайыздық көрсеткішпен көрсетіледі. Мәселен, 1 миллион теңге пайдаланғанына банк қарыз алушыдан 15 пайыз жылдық сыйақы талап етеді. Яғни, қайтаратын мерзімі жеткенде қарыз алушы 1 миллион теңге және сол сомадан 15 пайызын беру керек. Осы сыйақы деп аталады. Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, егер банк және қарыз алушы арасындағы келісімшартта белгілі бір мөлшерде сыйақы белгіленсе, оны қайтаруға міндетті», – деді ҚР Ұлттық банкінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бас маманы Дания ҚОСАНТАЕВА.

Ал несие алған халықтың қалтасы қағылмайтын болды. Енді банктік есепшотты жүргізгені үшін және осындай шотты ашқан кезде қарыз бергені үшін комиссия алуға тыйым салынды. Елбасы 21 қаңтарда «Меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Тағы бір өзгеріс ипотекадағы жылжымайтын мүлікке қатысты.  

«Ипотекаға қатысты енгізілген үшінші өзгерісте кепілдікке үйін немесе пәтерін қойған азамат яғни, жеке тұлғаға банктен сот шешімінен тыс ескерту алған күннен бастап, 30 күн ішінде қаржы институтына барып қайта өтінші бере алады. Яғни, оның бұл жылжымайтын мүлікті өзі өндіріп алуына болады. Егер банк мақұлдаса, онда 3 айдың ішінде жүзеге асыруға болады», – деді Дания ҚОСАНТАЕВА.

Бүгінде еліміздегі екінші деңгейлі банктер несие алғандарға заңсыз комиссия белгілеп келген. Нақтырақ айтсақ, қаржы ұйымдарының 2012 жылдың ақпан айынан бастап, кредит алған жеке тұлғалардан «ссудалық төлем» үшін деген атаумен алған ақысы заңсыз болып шықты. Мұны Ұлттық банк растап отыр. Қаржы институттары бұл әрекетті 2016 жылға дейін жалғастырып келіпті.

«2011 жылдың ақпаны мен 2016 жылдың 1 шілдесіне дейінгі қарыздық шартта көрсетілген комиссияларды алуға банктер құқылы болып табылатын. Бірақ егер 2011 мен 2012 жылға дейін болған несиелік шотта қызмет көрсетуге байланысты комиссия алынған болса, онда ол заңсыздық болып саналады. 2012 жылдың ақпанынан бастап ҚР Ұлттық банкі Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығына банктерге несиелік шот банктік шот болып табылмайтынын, сондықтан комиссия алынбау керегін атап өтті», – деді ҚР Ұлттық банкінің бас сарапшысы Ержан ӘБІШ.

Осындай заңсыз алынған комиссияны қайтарғандардың бірі – Ләззат Омарова. Ол несиені 4 жыл бұрын үй салу үшін алған. Борышын уақытылы өтеп отырыпты. Нәтижесінде, келіншек негізгі сомадан және банк пайызынан бөлек, тағы 432 мың теңге ссудалық төлемнің артық төлегенін білген.  Кейіннен заңгерлер көмегіне жүгініп, заңсыз алынған қаражатын қайтарып алыпты.  

«Мен заңгерлерге келуден бұрын ұзақ ойландым. Ол қаржыны бәрібір қайтара алмаймын деген күдік болды. Оны қайтару үшін 5 ай уақыт кетті. Десе де мамандар қаржымды өндіріп берді. Қолыма 485 мың теңге алдым. Бұл мен төлеген мемлекеттік баж», – деді Ләззат ОМАРОВА.  

Қазіргі таңда заң компанияларына жүгінушілер қатары күн санап артуда. Тек бір ғана мекеменің өзі 2 жылда тұтынушылардың 256 миллион теңгесін қайтаруға ықпалдасқан. Бүгінде несие алу бойынша Алматы мен Алматы облысы алдыңғы қатарда. Алайда, көпшілік негізсіз комиссиялар үшін ақша төлеп келгендерінен бейхабар.  Тіпті, келісім-шартты толық қарап, бүге-шүгесіне дейін түсінбейтіндері де жасырын емес. Қарызға ақша алғанда, ай сайынғы төлемнің қанша болатыны ғана қызықтырады дейді заңгерлер. Енді негізсіз комиссияға ақы алып келген банктермен ырду-дыру болғаннан гөрі, әуелі Ұлттық банктің өзіне, содан соң сотқа шағымдану керек екен. Өйткені, банк әуре-сарсаңға салып, «жұтып» қойған қаржыны қайтармаудың әрекетіне кіріссе керек дейді сарапшылар.

«Біздің жұмысымызда сондай клиент болды. Ол кісінің 3 миллионға жуық қарыз шарты болған. Ол ақша 5 жылға яғни, 60 айға алынған және комиссиясы 1 пайыз. Берілген сомадан 1 пайызын ай сайын одан ұстап отырған. Оның комиссиясы 1 миллион 800 мың болып шықты. Біз сол комиссияны сот арқылы қайтарып бердік», – дейді заң компаниясының департамент директоры Әйгерім ЕРМЕКБАЙ.

Мұндай компаниялар клиенттің қаржысын қайтару тұрғысында барлық жұмысты өз мойнына алады. Тек көрсеткен қызметіне банктен қайтарған қаржының белгілі бір пайызын беру керек. Тек өз атыңыздан сенімхат жазып беру қажет. Сот процесі 2 айдан 6 айға дейін созылуы мүмкін. Айта кетейік, екінші деңгейлі банктер келісім шартта «ссудалық төлем үшін төленген комиссия» деген тіркесті алып тастап, кейіннен «қарызға қызмет жасағаны үшін» деп өзгерткен екен. Ал қол қойған құжатыңызды, төлем графигін жоғалтып алсаңыз, оның бір нұсқасы банкте сақталуы тиіс.  

«Мысалға, 3-4 миллион теңгеге несиеге көлік алған азаматтардың қазіргі қайтарып жатқан сомалары 400-500 теңге көлемінде. Сонда олардан банк ай сайын 12-13 мың теңгеден комиссия ұстап отырды деген сөз. Ең қызығы, оның аталуы алдында ссудалық қарыз үшін деп белгіленген. Азаматтар мен банктің арасында ешқандай ссудалық қарыз болмайды. Ол Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің арасында болатын қарыз. Тіптен, қисынсыз болып тұр. Ал келісімшартты азамат жоғалтып алуы мүмкін, жыртып тастауы мүмкін. Бірақ оның бір нұсқасы банкте сақталуы тиіс. Сондықтан банкке өтініш жасап, сұрап алуларына толықтай болады», – деді экономист Мақсат ХАЛЫҚ. 

Енді банктердің берешегіне келсек. Отандық қаржы институттарына заң бұзғаны үшін 7 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Бұл туралы Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланған. Бас банктің былтырғы жылдың 4-ші тоқсанында жүргізген зерттеуі бойынша, екінші деңгейдегі банктерге қатысты барлығы 56 санкция және шектеулі ықпал ету шарасы қолданылған. Банктердің басым бөлігі: клиенттермен жасалған шарттарда сыйақы мөлшерлемесін көрсету бойынша міндеттерді орындамаған. Оған қоса, кредиттік құжаттардың түпнұсқаларын жоғалтқан жағдайлар тіркелген. Әдетте, «сақтықта қорлық жоқ» дейтін банктердің кейбір банкоманттарында бейнебақылау камералары да болмай шыққан. Ең көп заңбұзушылыққа жол берген банктердің бестігіне: «ForteBank», «Сбербанк России», «Банк ЦентрКредит», «Қазақстан Халық Жинақ банкі» және «Еуразиялық банкі» кіріпті.  

Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров