Алматының көрнекті ғимараттары қалай жаңартылуда

26.11.2026 18:30
Almaty.tv

Almaty TV телеарнасы Алматының көрнекті нысандарын жаңарту, тарихи мұраны сақтау және заманауи сәулет шешімдерін енгізу тақырыбына арналған «Сәулетші» ақпараттық-танымдық бағдарламасының жаңа шығарылымын ұсынады.

Қаланың басты мәдени нысандарының бірі – Наталия Сац атындағы театр ауқымды қалпына келтіру және қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін жаңа кейіпке енді. Құрылыс жұмыстары 16 айға созылды. Мамандардың алдында ғимаратты жаңартып қана қоймай, оның тарихи сәулеттік келбетін сақтау, интерьердің бірегей элементтерін қалпына келтіру және сахнаны заманауи жабдықтармен жарақтандыру міндеті тұрды.

Жұмыс учаскесінің басшысы Дәурен Исаевтың айтуынша, уақыт өте келе климаттық жағдайлардың әсерінен бүлінуге ұшыраған қасбетке ерекше көңіл бөлінген. Ескі қаптама алынып, оның орнына әктас – лаймстоун қолданылып, қасбет қайта қалпына келтірілді. Материалдың салмағы едәуір болғандықтан, құрылымдарды қосымша күшейту және олардың беріктігі мен қауіпсіздігін тексеру үшін арнайы сараптама жүргізу қажет болды.

«Бүгінде театр ғимараты толық жаңартылды. Сонымен қатар оның тарихи келбетін сақтап қалдық. Ішкі бөлігінде мәрмәрмен қапталған әрлеу мен мозаика элементтері қалпына келтіріліп, инженерлік жүйелер жаңғыртылды. Қауіпсіздікке де ерекше мән берілді: барлық қажетті құрылымдар беріктігі мен сенімділігі тұрғысынан тексеруден өтті», – деді Дәурен Исаев.

Қайта жаңғырту жұмыстары театрдың техникалық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге жол ашты. Жаңа көтергіш тетіктер орнатылып, сахналық жабдықтар ауыстырылды, көрермен орындықтары жаңартылды. Бұл шешімдерді жүзеге асыру үшін қосымша ауқымды құрылыс жұмыстарын атқаруға тура келді. Атап айтқанда, тереңдігі алты метр болатын қазаншұңқыр қазылып, шамамен үш мың текше метр топырақ сыртқа шығарылды.

Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры директорының орынбасары Анна Кузембаеваның хабарлауынша, тарихи ғимарат кешенді түрде қалпына келтіріліп, оның жанынан 260 орындық шағын сахнасы бар жаңа корпус салынған. Осылайша, театр бірнеше шығармашылық кеңістікті біріктіретін заманауи өнер орталығына айналды.

«Бұл – ауқымды жоба. Жергілікті маңызы бар сәулет ескерткіші саналатын тарихи ғимаратта толық қалпына келтіру және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, барлық инженерлік желі ауыстырылды. Сонымен қатар шағын сахнаға арналған жаңа ғимарат салынды. Бүгінде бұл – біз заманауи өнер орталығы деп атайтын тұтас кешен. Біз үшін тарихи элементтерді сақтай отырып, театрдың дамуына жағдай жасау аса маңызды болды», – деді Анна Кузембаева.

Қалпына келтіру барысында 1980 жылы орнатылған чех шамдары, мозаикалық композициялар мен қасбеттегі биік бедерлі мүсін де бастапқы қалпына келтірілді. Фойедегі еден жабынына да ерекше назар аударылды. Мұрағат материалдарының арқасында мамандар жобасының авторлығы Дінмұхамед Қонаевтың есімімен байланысты «Өмір ағашы» композициясының бастапқы сызбасын тапты. Интерьердің тарихи элементі бастапқы тұжырымдамасы сақтала отырып қалпына келтірілді.

Шығармашылық ұжымдар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылды. Негізгі көрермен залы 744 орынға арналған. Ал Black Box шағын сахналық кеңістігі қойылымға қарай сахна мен көрермен орындарының орналасуын өзгертуге мүмкіндік береді. Мұнда әртүрлі форматта спектакльдер қойылып, әртістер мен көрермендер арасындағы жақын байланыс орнатуға жағдай жасалған.

Театрға келетін жас көрермендерге де айрықша көңіл бөлінді. Қойылымдарды дайындау үшін сегіз арнайы бөлме, шеберханалар, декорацияларды сақтауға, дыбыс жазуға және шоу-бағдарламалар әзірлеуге арналған орындар жабдықталды. Театр өкілдерінің айтуынша, заманауи техникалық жарақтандыру режиссерлер мен қоюшы-суретшілерге күрделі шығармашылық идеяларды жүзеге асырып, басты көрермендер – балалар мен жасөспірімдерді таңғалдыруға мүмкіндік береді.

Бағдарламаның жаңа шығарылымында сөз болатын тағы бір ауқымды жоба – Алматы-1 теміржол вокзалын қайта жаңғырту. Нысандағы соңғы ірі жаңарту жұмыстары 2002 жылы жүргізілген. Содан бері жолаушылар ағыны едәуір артып, инженерлік жүйелер мен жекелеген құрылымдарды жаңғырту қажеттілігі туындады.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы – «Вокзал шаруашылығын жаңғырту дирекциясы» Оңтүстік-Шығыс өңірлік басқармасының басшысы Қайрат Кузембаевтың айтуынша, вокзалды қайта жаңғырту жұмыстары жолаушылардың жайлылығы, қолжетімділігі мен қауіпсіздігіне қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып жүргізілген.

«Вокзалда соңғы рет қайта жаңғырту жұмыстары 20 жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген. Осы кезеңде жолаушылар ағыны айтарлықтай өсті. Жаз айларында вокзал тәулігіне 13 мыңнан астам адамға қызмет көрсетсе, қалған айларда 6-7 мың жолаушыны қабылдайды. Жаңғыртудан кейін кедергісіз қозғалысқа жағдай жасалды: пандустар, көтергіштер мен лифтілер орнатылып, күту залы кеңейтілді. Сондай-ақ қонақүй, демалыс аймақтары, жаңа дәмханалар мен мейрамханалар қарастырылған», – деді Қайрат Кузембаев.

Жаңашылдықтардың қатарында келушілер вокзал тарихы мен теміржол қатынасының дамуымен таныса алатын теміржол мұражайы бар. Бұған дейін тозығы жеткен перрон аумағы да толық жаңартылды. Сонымен бірге ғимараттың сәулеттік келбетін барынша сақтауға тырысқан. Тарихи барельеф алынып, тазартылып, қалпына келтірілгеннен кейін бұрынғы орнына қайта орнатылды.

Бас мердігер ұйымның өкілі Нариман Базиловтың айтуынша, қайта жаңғырту жұмыстары қолданыстағы металл қаңқаны сақтай отырып, ғимаратты іс жүзінде кешенді түрде жаңартуды талап еткен. Мамандар металл құрылымдарды тоттанудан қорғау шараларын жүргізіп, оларды күшейтті, жаңа инженерлік жүйелер орнатып, қасбеттің қаптамасын толық жаңартты.

«Ғимараттың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көтергіш қаңқасын күшейтуге ерекше көңіл бөлдік. Қолданыстағы нормативтік жүктемелерді ескере отырып, құрылымдардың көтергіш қабілетін қайта есептеп, қосымша металл элементтерін орнаттық. Сонымен қатар құрылымдардың жай-күйін бақылауға, ықтимал деформацияларды дер кезінде анықтауға және оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған бақылау жүйесін енгіздік», – деді Нариман Базилов.

Қайта жаңғырту барысында инженерлік коммуникациялар, желдету, ауаны баптау және өрт қауіпсіздігі жүйелері де ауыстырылды. Бұрынғы үш лифтінің орнына жеті жаңа лифт орнатылып, заманауи эскалаторлар қарастырылды. Санитарлық бөлмелер саны екі есеге жуық артты. Балаларымен бірге сапарлайтын жолаушылар үшін нәресте жөргегін ауыстыратын үстелдер, ойыншықтар және жеке санитарлық тораптармен жабдықталған арнайы бөлмелер жасалды.

Нысанның сейсмикалық төзімділігіне де ерекше назар аударылды. Вокзал ғимараты 1976 жылы салынғандықтан, оның құрылымдары қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес қосымша күшейтілді. Барлық қажетті жұмыстар сараптамадан өтті.

Қасбеттер мен вокзал маңындағы аумақты жаңарту кезінде табиғи тас, гранит және тозуға төзімді өзге де материалдар пайдаланылды. Сәулеттік шешімдер вокзалдың тарихи келбетін ескере отырып әзірленді. Бұл оның танымал ерекшеліктерін сақтап, сонымен қатар ғимаратқа заманауи сипат беруге мүмкіндік жасады.

Мегаполистегі әрбір жаңартылған ғимараттың артында айлар бойы атқарылған қажырлы еңбек, күрделі инженерлік есептеулер және өткенді болашақпен ұштастыруға деген ұмтылыс жатыр. Наталия Сац атындағы театр өзінің мәдени тарихын сақтай отырып, шығармашылықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашса, Алматы-1 вокзалы қалалық сәулеттің танымал бөлігі болып қала отырып, заманауи келбетке ие болуда.

Бұл – жай ғана қайта жаңғырту емес. Бұл – қала тарихына деген ұқыпты көзқарас және оның болашағына салынған инвестиция. Мұнда сәулет өнері жай ғана кеңістік емес, алматылықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналады.

Оқи отырыңыз: Адам жанына жайлы қала: Алматы қалай көркейіп келеді

Толық көрсету