Мәжіліс депутаттарының айлығы шайлығына жете ме? Депутат Азат Перуашевтың айтуынша, биыл парламентшілердің жалақысына үстеме қосылмайды. Қаржы министрі дұрыс түсіндіре алмаса керек деп, ол қысқа қайырды. Себебі, «парламент депутаттарының жалақысы өткен жылы еселенген», - дейді.
«Бұл жаңалық емес. Ешқандай қазіргі ағымда депутаттардың жалақысы көтерілген жоқ. Былтырғы жылы көтерген болатын. Бірақ ол жайында біз былтырғы жылы берген сияқтымыз. Сондықтан мына қазіргі қаржы министрінің айтқан сөзі, дұрыс емес», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат ПЕРУАШЕВ.
Айта кетейік, кеше үкімет отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов биыл полицейлердің, әскерилердің және депутаттардың да жалақысы көтерілетінін мәлімдеген еді. Ол үшін республикалық бюджеттен 33 миллиардтан астам қаражат қарастырылғанын айтқан. Ал, бүгін Мәжілісте аталған қаражаттың 32 миллиардтан көбісі әскерилер мен құқық қорғау орындары қызметкерлерінің айлығына жұмсалатыны белгілі болды. Ал қалған 640 миллион теңге, бәрібір, депутаттарға арналған екен.
«1-ші шілдеден бастап әскери қызыметкерлер мен құқық қорғау органдарына 25 пайыз жалақы қосылып жатыр. Сол үшін бюджеттен негізгі көлемі 33 миллиард бөлінді. Жылдың басында депутаттардың бұрынғы мемлекеттік қызметшілердің жалақылары деңгейіне дейін көтеру қабылданған. Сол мәселені қаржыландыру үшін қосымша 600 миллион қаражат бөлініп отыр», - деді Қазақстан Республикасының қаржы министрі Бақыт СҰЛТАНОВ.
Бақыт Сұлтановтың өзі бүгін тағы бір сынға тап болды. Республикалық бюджет туралы төменгі палатада баяндама жасаған министрді депутаттар біраз қыспаққа алды. Ұлттық компанияларды жекешелендіруге байланысты жиналған қаражаттың қайда кетіп жатқандығы жөніндегі министрдің жауабына Мәжіліс төрағасының көңілі толмады.