Мемлекетке қарызы бола тұра Мақсат Үсенов шет ел асып, Тайландтың Бангкок қаласына сапар жасағаны белгілі болды. Салықтық қарызы бар адам не себепті елден кетуге тыйым салынған азаматтардың тізімінде болмағанын Әділет министрлігіндегілер түсіндіріп берді.
«Оны елден кетуге тыйым салынған азаматтардың тізіміне қосу үшін оның үстінен сотқа арыз түсуі керек. Сот шешімінің негізінде сот орындаушылары атқару өндірісін қозғайды. Сот орындаушыларында сот шешімі болмағандықтан, Үсенов елден шығуға уақытша тыйым салынған азаматтардың тізіміне қосылмады», - деді Әділет министрлігінің баспасөз қызметіндегілер.
Алматы қаласының кіріс департаментінің ресми өкілі Үсеновтың берешегі бар екенін растады.
«Мақсат Үсеновтың қарызы көлік салығын төлемегендіктен болған. Бүгінгі таңда 174 мың теңгеден астам болса, оның негізгі салығы 138 мың теңге, қалғаны пеня. Хабарландыру 2017 жылдың сәуірінде жіберілген болатын. Енді 30 жұмыс күн өткеннен кейін, біз қазір сотқа материалды дайындап жатырмыз», - деді МКД түсіндіру басқармасының басшысы Заңғар ШЫНДАЛИ.
Айта кетейік, жақында ғана атышулы Мақсат Үсенов әлеуметтік желіде шет асып кеткені жайлы ақпар тараған еді. Мұны Facebook әлеуметтік желісінде Павел Коктышев есімді қолданушы жазды. Куәгер Үсеновтің ұшақ бортында шылым шеккенін және жұрттың мазасын алғанын жазған болатын. Сол кезде әуекомпанияның қызметкерлері Бангкок полициясына хабарласып, ұшақтағы мазасыз Мақсатты Бангкок қаласының полиция қызметкерлері алып кеткен. Кейін оның ешқандай жазаға тартылмағаны белгілі болды.