|
19.10.2018 | 19:22
2036

Алматы Еуропалық форумда ең «ақылды» қала атанды

Алматы Еуропалық форумда ең «ақылды» қала атанды

Алматы әлемнің ең үздік «ақылды» қалалары қатарында көш бастады. Люблянда өткен «Ақылды қалалар» еуропалық форумында қазақстандық алып шаһар көлік жүйесін кешенді реформалағаны үшін бірінші орын иеленді.

Оған бас-аяғы 50 қала қатысып, өздерінің ең үздік жобаларын ұсынған. Дегенмен, байқау комитеті Алматының қоғамдық көліктегі табысының ашықтығына таңданыпты. Сондай-ақ, цифрлық технологияны пайдалануы мен экологияны жақсартуға басымдылық беретін жобаларды есепке алып бас жүлдені ұсынған.

Айта кетсек, биыл қалада автобус парктерін жаңарту деңгейі 80%-ға жететін болады. Елімізде алғаш рет BRT жүйесі де алып мегаполисте іске қосылды. Қоғамдық көлік үшін 110 шақырым арнайы жолақтар жасалып, 10 орталық көшеге біржақты қозғалыс енгізілді. Қазіргі кезде қаланың қоғамдық көліктерінде жолаушылардың 97 пайызы картамен есеп айырысады. Мұның барлығы көлік жүйесін кешенді реформалағанның көрінісі болып отыр.

«Біз қазіргі уақытта Алматы қаласының Бас жоспар мекемесімен және халықаралық сарапшылармен бірлесіп қаланы әрмен қарай дамыту туралы жобаны жасаудамыз. Мақсатымыз - қаланың тек тарихи орталығын ғана жаңалау емес, басқа да бөліктеріне көңіл аудару. Мәселен, Бірінші Алматы мен Екінші Алматы темір жол вокзалдарының аралығын бір-бірімен байланыстырғымыз келеді. Жаяу жүргіншілерге арналған көшелер санын да арттыру жоспарда бар», – деді «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ бөлім басшысы Наталья ЛИВИНСКАЯ.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир