Секс-құлдықта болған 18 жастағы бойжеткеннің аянышты тағдыры

Секс-құлдықта болған 18 жастағы бойжеткеннің аянышты тағдыры
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандық қыз Біріккен Араб Әмірліктерінде секс-құлдыққа тап болған, бірақ жолы болып, отанына оралуға мүмкіндік алады. 18 жастағы Ақботаның басынан өткен жайтты «НеМолчи.kz» қозғалысы сайтында қозғалыс көшбасшысы Дина Ысмайылова айтып берді, деп хабарлайды sputniknews.kz.

Жазба авторы айтқандай, жұрттың назарына ұшырамас үшін оқиға кейіпкерінің есімін өзгертіп алыпты.

Ақбота атасы мен әжесінің қолында тәрбиеленген. Ата-анасы ажырасқан, анасы «әкеңе тартқансың» деп үнемі қызының жер-жебіріне жететін көрінеді.

«Ол атасын жанынан артық жақсы көретін. Ол кісі өте мықты ұстаз болған. Тіпті, қазір есіне түсірген сайын көзіне жас алады, өйткені көзінің қарашығындай мәпелеп өсірген жалғыз арқа сүйері болатын. Атасы оның 16 жасында қайтыс болған екен», — дейді Ысмайылова.

Автордың сөзіне сүйенсек, атасының қазасынан кейін Ақбота анасының қолында тұрады, бірақ екеуінің қарым-қатынасы түзеле қоймайды. Бойжеткен отбасынан көрмеген махаббатты басқа жақтан іздей бастайды. Өз күнін өзі көру үшін даяшы болып қызметке тұрған. Бір жолы анасымен ренжісіп, құрбысының үйіне қонуға барады, сол түні Ақботаны әлдекімдер зорлапты. Анасымен тағы бір кикілжіңнен соң Біріккен Араб Әмірліктерінде үй тазалаушы болып жұмысқа тұрғызуға уәде берген таныс әйелдің көмегіне жүгінген.

Әйел қыздың әбден «басын айналдырады»: шетелге кетпей тұрып, арам іске қатысы бар басқа бір әйелдің қолында тұрады. Ол Ақботаның асты-үстіне түсіп, күтіп, БАӘ-де керемет өмір сүретініне уәде береді.

«Ақыры кететін күн де келеді: әуежайда көлік пен микроавтобус күтіп тұрады, алдағы өмірінен зор үміт күткен жап-жас қыздар да болған! Қыздар мінген автобус бірден ұшаққа бет алады. Олар бұған одан сайын мәз болып, паспорттық бақылаудан өтпегенін қаперіне де алмаған. Бәрі ойдағыдай болып көрінеді», — деп Дина Ысмайлова кейіпкердің тағдырын әрі қарай баяндайды.

Ақбота алданғаны туралы шетелдегі қонақүйде бір-ақ біледі.

«Қонақүйге әкеліп, құжаттарын тартып алып, кезекке тұрғызғанда, іші бір жамандықты сезген. Наразылығын білдіргенде, аяусыз соққыға жығылады.  Алғашқы күннен қатты ұрып-соққаны сонша, екі күн бойы қан жөтеліп, үсті-басы көк ала қойдай болып жүрген. Оларды терезесі жоқ жеке бөлмелерге қамап қойып, клиент келгенде ғана есікті кілтпен ашады… Бұл азап жеті айға созылған, лас жатын орын мен клиенттер әлі күнге дейін есінен кетпейді, әлі күнге дейін адамдарға сенуді қайта үйреніп, анасын кешіре алған жоқ, әлі күнге дейін басқа бір ер адаммен бақытты болып, өзін арам сезінбейтін күнге жететініне сенбейді», — дейді Ысмайылова.

Ақбота үйіне қашып келеді, бірақ көп ұзамай аяғы ауыр екені анықталған. Онымен қоймай, венерологиялық ауру жұқтырыпты. Қыз сәбиін дүниеге әкеліп, бар өмірін соған арнағысы келеді.

Ысмайлованың айтуынша, қазір Ақбота сәбиімен бірге халықаралық құқық қорғау ұйымының бағдарламасы бойынша алыс шетелге кетіп қалған.


Новости партнеров