Баласының сүт қоспасынан сынап тапқан ата-ана полицияға шағым түсірмек.
Шымкентте екі айлық нәрестенің ағзасынан көп мөлшерде сынап табылды, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Жас ана Маржан Сманова екі айлақ сәбиі әлсіреп, қайта-қайта құса берген соң, 29 қараша күні ауруханаға түседі. Баланың жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалаған.
Палатаға ауысып, сәбидің жөргегін ауыстырған келіншек нәжіс арасынан сынап бөлшектерін көреді. Белгісіз заттың бала ішіне қалай түскенін дәрігерлер де, ата-анасы да білмей дал болған. Тек екі күннен соң, сұйық металдың қайдан келгені анықталды. Маржанның айтуынша, дәріханадан сатып алған сүт қоспасынан сынап шыққан.
Нәрестенің ағзасында сынаптың болғанын дәрігерлер де растап отыр. Баланың өкпесін рентгенге түсіру кезінде оның асқазан тұсында бөгде зат барын байқаған. Дегенмен, дәрігерлер баланың қайта-қайта құсуын қосымша тамаққа үйрене алмау деп диагноз қойған.
«Біз оны сынап бөлшектеріне ұқсаттық. Токсиколог маман шақырдық. Токсикологтың қатысуымен дәрігерлік консилиум жасадық», — дейді Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасы пульмонология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлжанат Наурызова.
Токсиколог маманның айтуынша, сынаптың бала ағзасына ешқандай зияны жоқ, өміріне ешқандай қауіп төндірмейді.
Дереккөз: sputniknews.kz