Келер жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлеу тәртібі де, жарна мөлшері де өзгермейді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.
«Қазір жарнаны жұмыс берушілер ғана төлеп жатыр. Олар келер жылы да жұмыскер табысының 1,5 пайызы көлемінде аударым жасайды. Ал, жеке кәсіпкерлер өзі үшін жарна аудару міндетінен 2018 жылы босатылған болатын. Бірақ олар жұмыс беруші ретінде қарамағындағы жұмысшылары үшін аударым жасауға міндетті», - деді ол.
Айтуынша, жұмыс беруші жарнаны жұмыскер жалақысынан емес, өз қалтасынан төлеуі тиіс.
Естеріңізге сала кетсек, парламенттің жоғарғы палатасы жуырда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлем енгізетін заңды мақұлдаған болатын. Аталған төлемге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы да енгізілген. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді.
Қалған санаттағы азаматтар міндетті медициналық сақтандыру жарнасын 2020 жылдан бастап төлейді. Атап айтар болсақ, жұмыскерлер табысының 1 пайызын Медициналық сақтандыру қорына аударады. Азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететіндер де ай сайынғы табысының 1 пайызын қорға аударып отыруға міндетті. Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап мемлекет те жарна аударуға кіріседі. Жалпы алғанда, 14 санатқа жататын 10 миллионға жуық адам бюджет есебінен қаржыландырылады.
Міндетті сақтандыру шеңберінде медициналық көмек 2020 жылдан бастап көрсетіле бастамақ. Оған дейін жинақталған қаражат Ұлттық банкте сақталып, 2020 жылы сақтандыру пакеті бойынша көрсетілген қызмет ақысын төлеуге жұмсалады.