Шымкентте 190 мың жұмысшының жалақысы көтеріледі

Шымкентте 190 мың жұмысшының жалақысы көтеріледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте 190 мың жұмысшының жалақысы өседі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жалақыны көтеру кезең-кезеңімен жүзеге асады. Бұл туралы қала  басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың жергілікті кәсіпкерлерімен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиынға қатысқан 70-тен астам кәсіпкер өз қызметкерлерінің, әсіресе жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеруге дайын екендіктерін жеткізді. Жалпы, жалақыны көтеру кезең-кезеңімен жүргізілетін болды. Мәселен, бір кәсіпорын қараша айынан бастап жалақыны өсірсе, кейінгісі  желтоқсан айында көбейтеді. Ал, үшіншілері келер жылдың қаңтарынан бастаймыз деп жоспарлап отыр.

Айта кетейік, қазан айында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында Үкіметке қазақстандықтардың ең төменгі жалақысын бір жарым есе, яғни 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырған болатын. Бүгінде шымшаһарда қала тұрғындарының 30%-дан астамында тұрақты жұмыс бар. Оның 56 мыңы ең төменгі жалақыны алады. 11 мыңға жуығы - бюджет саласының қызметкері. Сондықтан алдымен сол қызметкерлердің жалақысы өсіру жоспарда бар.

Басқосуда сондай-ақ азық-түлік пен ең қажетті деген тауарлар бағасының өсуі де талқыланды. Қаладағы ірі базар басшылары өз кезегінде бағаны ұстап тұру үшін қажетті шаралар қолдануға уәде берді. Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігі жанынан базарлар мен кәсіпорындардың және ірі сауда орталықтарының басшыларымен бірге бағаның өсуіне жол бермеу мәселесі бойынша жұмыс істейтін арнайы штаб құрылғаны айтылды.


Новости партнеров