Павлодарда сәбилер арасында еңбектеуден жарыс өтті

Павлодарда сәбилер арасында еңбектеуден жарыс өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Baby Start чемпионаты Павлодарда осымен екінші рет өтіп отыр. Бұрынғыдай жас ата-аналардың қызығушылығын тудыруда, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Шараның мақсаты – «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң аясында жас отбасылар арасында отбасы құндылықтарын насихаттау.

Биыл жарысқа қатысуға 40 өтініш келіп түскен. Чемпионат ережесі бойынша ата-аналардың жасы 35-тен аспауы керек. Ал сәбилердің жасы 6 ай мен 1,5 жыл аралығы болуы тиіс. 

«Бұл жас – сәбилердің белсенді еңбектей бастайтын кезі. Сайыста бастысы баланың назарын аудара білу. Кейбірі тез еңбектейді, кейбірі баяу, біреулері жол ортасында басқа жаққа көңіл бөліп кетеді. Арасында анасын немесе әкесін көрсе, тек соларға қарай еңбектейтін балалар да бар», - деді ЖБДО бөлім басшысы Әсия Мұқашева.

Baby Start ұйымдастырушылары өткен жылғы жарыс 4 сағатқа созылғандықтан кезеңдерді қысқартқан. Тағы да бір өзгеріс – демеушілер тарапынан алты номинацияның қосылуы болды. «Алға baby» атты бірінші кезеңде сәбилер 10 метр қашықтықты еңбектеп өтті. Ата-аналар үшін балаларын ойыншықтарымен назарларын аудартуға рұқсат етілді.

Екінші кезеңде командалық ойын өрбіп, отбасының барлық мүшесі еңбектеп жарысты. Сайыс қорытындысы бойынша үздік сәбилер мен олардың ата-аналарын бағалы сыйлықтармен марапаттады. Бірінші орынға шаңсорғыш, екінші орынға электр шәй қайнатқыш, үшінші орынға жеміс шырынын сығатын құрылғы берілді.


Қалған қатысушылар балаларға арналған киімдер мен ойыншықтарға сертификаттар алды. 

Новости партнеров