Алматыда BRT желісіне 18 метрлік автобустар шықты

Алматыда BRT желісіне 18 метрлік автобустар шықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда BRT желісіне жаңа автобус-гармошкалар шықты. Қаладағы көлік реформасы аясында жылжымалы составты жаңарту одан әрі жалғасып жатыр.  Жұмыс сапары кезінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек бүгін BRT желісіне жаңа бағыттар бойынша шығатын сыйымдылығы жоғары автобустарды көрді.

Жолаушылар ағынының артуына орай BRT желісіне жаңадан қосылған автобус №205 бағытында жүреді. 18 метрлік ұзын көлік Мұстафин – Рысқұлбеков – Сүлейменов – Жандосов – Тимирязев – Желтоқсан көшелерімен, кері бағытта Наурызбай батыр мен Төле би көшелерін қамтып, Шығыс айналма жолы арқылы «Жетісу» базарына дейін барады.

Бұл бағыт бойынша қызмет көрсету үшін 30 жаңа автобус қосылған. Көліктердің қозғалыс интервалы – 5 минут. Төменеденді автобустардың сыйымдылығы 180 адамнан асады. Автобус кондиционер, видеобақылау камераларымен, еңкейгіш кузовпен жабдықталған. Әрі экологиялық Евро-5 сыныбына сай. 18 метрлі автобустың төрт есігінің әрқайсысына «ОҢАЙ» терминалы орнатылған.

«Әсіресе үлкен кісілер көп кіреді. Орын аз болғандықтан, көбіне орта және егде жастағы кісілердің тұрып тұруына тура келеді. Қазір жолаушылардың 70 пайызы отыра алатын болған. Осындай автобустардың болғаны, көбейе бергені біз үшін жақсы ғой», – деп ризашылығын жеткізді жолаушылардың бірі.

Қоғамдық көліктегі сервис сапасын арттыру бағытында 600 жүргізуші арнайы біліктілік шеберлік сабақтарынан өтіп жатыр. Жүргізушілер жолаушылармен мәдениетті сөйлесу, күйзелістің алдын алу, алғашқы медициналық көмек көрсету, жол ережесін бұзбау сынды тренингтерден өтеді. Қаладағы көлік холдингі басшыларының ақпаратына сенсек, қазан айында «ОҢАЙ» картасы бойынша 31 миллион жолаушы 1,9 млрд теңгенің транзакциясын жасаған. Жалпы, жыл аяғына дейін Алматыда қоғамдық көліктің үлесі 87 пайызға жететін болады. Өткен аптада қалаға тағы 200 жаңа автобус келген болатын.

Әмірболат Құсайынұлы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы 

Новости партнеров