11 трансұлттық компания Алматы тұрғындарына сапалы өнім ұсынуда

11 трансұлттық компания Алматы тұрғындарына сапалы өнім ұсынуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаржы қыспағына қарамастан, Алматының әлеуеті әлсіреген жоқ. Қарқынның артуына шетелдік инвесторлар да үлестерін қосуда. Былтыр отандық нарыққа 11 трансұлттық компания тартылып, бүгінде олар қала тұрғындарына сапалы өнім ұсынып жатыр. Алматылықтарды жұмыспен де қамтуда.

Алматыдағы май комбинатының сәтті жұмыс істеп тұрғанына небәрі 1 жыл болған. Мұнда өсімдік, пальма, күнбағыс майлары мен маргарин өндіріледі. 10 миллиард тенгеге құйылған Ресей инвестициясының бір жылдағы өнімі көңіл көншітерлік. Қомақты қаржы қайранға кетпей, құйылған инвестиция еселеп қайтып жатыр. Шаһар нарығы тұрақты дейді кәсіпкерлер.  

«2016 жылдың қорытындысы бойынша біз қазынаға уақытынан бұрын 1 жарым миллиард теңге кіріс әкелдік. Алматыны елдегі үлкен қала болғандықтан және Қытай еліне жақын тұрғандықтан таңдадық. Мұнда кәсіби мықты мамандар көп», -деді Компанияның бас директоры Нұржан ҚОЖАМҰРАТОВ.

Қазір мұнда 750 жұмыс орны бар. Осы сияқты өзге зауыт та шетелдік инвестиция арқылы 50 адамға қызмет орны ашылыпты. Бұл жерде айына екі мыңға жуық жоғары технологиялы жарықдиодты шамдар өндіріледі. Аталмыш жоба Алматыда алғаш іске асып отыр. Бұған дейін тұрғындар шетелдің өнімдерін тұтынатын еді. Кәсіпорын Оңтүстік Кореямен бірлесіп құрылған екен.

«Серіктесіміздің технологиялық бәсекеге қабілеттілігі бізге зор мүмкіндік береді. Кәсіпорын тарапынан бізге зауытты құру үшін тиісті Оңтүстік Кореялық өнім ұснылған болатын», - деді компанияның бас директоры Қанат НҰРЕКЕНОВ.

Өткен жылы мемлекеттік инвестицияны үш есеге қысқарту аясында жеке және сырттан инвестиция тарту артыпты. Былтыр 25 мың жұмыс орны құрылғандықтан қала нарығының едәуір жоғарылағаны байқалған.

Назкен Байтілес, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров