Он төрт жастағы қыз нанмен бірге ағаш жаңқасын жұтып қойып, өлім аузынан қалды, деп хабарлайды «Алау» порталы.
Басылымға қыз баланың анасы хабарлағандай, бөлке нанды дүкеннен сатып алыпты. Жасөспірім нан жеген соң, жұтқыншағы ауыра бастайды. Тамағында тұрып қалғанды әрі қарай жұтып жіберу үшін халықтық әдістерді пайдаланса да, еш нәтиже бермеген. Келесі күні дәрігер баланы қарап, тамақтың қабынуына қарсы спрей жазып беріп, үйіне қайтарған. Алайда қыздың халі нашарлай түскен – ыстығы көтеріліп, мойынын бұра алмай, тіпті, сөйлеуге шамасы келмей қалған екен.
Сол кезде анасы қызын облыстық ауруханаға апарып, дәрігерлерге ФГДС жасатады. Соның арқасында өңешке қадалып қалған ағаш жаңқасы табылған. Жалпы наркоз беріп, затты алып шыққанда, өлшемі 23,3 миллиметр екені анықталды.
Қыз баланың толық айығып кетуіне ұзақ уақыт керек болған екен.
Ал наубайхана кешірім сұраумен ғана шектеліпті. Отбасы наубайшыларды сотқа берді.