Шүлбі су қоймасында мұз құрсауында қалған құстар құтқарылды, деп хабарлайды Алтайньюс Устинка сайтына сілтеме жасап. Құтқарылған құстар – Қызыл кітапқа енген бірқазан болып шыққан.
Ауыл тұрғындары мен орман шаруашылығының қызметкерлері құтқаруға келгенде, екі құстың әлі құрып, мүлдем қозғала алмай қалған. Сөйтсе де маңына оңайлықпен адам жолатпағанға ұқсайды. Тұрғындар сол себепті облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлеріне жүгініпті. Шемонаихадан шыққан құтқарушылар мұз құрсауындағы құстарды аман алып шыққан.
«Құстар біршама үлкен болғандықтан тормен алып шықтық. Еш жерін жарақаттамай, абайлап қимылдадық. Бұл құстар біздің аймақта өте сирек кездеседі», – деді «Семей орманы» орман резерватының қызметкері Петр Куркачев.
Шемонаиха аудандық полиция бөлімінің қызметкері Руслан Қойшыбаевтың айтысынша, құстардың жағдайы қазір жақсы. Өскемендегі хайуанаттар бағына жөнелтілген. Көктем шығысымен босатылады.