Индонезияда жергілікті тұрғындар цунамидің жағажайды шайып өткен сәтін видеоға түсіріп үлгерген. Ол кезде Seventeen музыкалық тобы өнер көрсетіп жатқан, деп хабарлайды tengrinews.kz.
Апат салдарынан музыканттардың бірі және топтың гастрольдік менеджері мерт болған, сондай-ақ, бірнеше адам із-түссіз жоғалып кетті.
Ақпараттар бойынша, әншілер бірнеше ұжым мүшесін әлі де іздестіріп жатыр. Олардың қатарында гитарашы, вокалшының әйелі мен тағы бір адам бар.
Видео кадрларында толқын сахнаны, онымен қоса, әншілерді шайып түсіп, кейін көрермендерге беттейді. Айқай-шу естіледі, сосын видео өшіп қалады. Үрей тудыратын кадрлар әлем БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желілерде лезде тарап кетті.
22 желтоқсанда Индонезияның батысындағы Зонд бұғазының жағажайын цунами шайды. Ол Анак-Кракатау аралында жанартау атқылауының салдарынан болған.
Соңғы мәліметтер бойынша, апат салдарынан 222 адам қайтыс болған. 843 адам зардап шеккен және 28 тұрғын із-түссіз жоғалған. Толқын жүздеген үй, ғимарат, көлік жолдары мен инфрақұрылымдарды қиратты.