Алматыдағы Әуезов ауданының прокуратурасы «Север» ПИК-ін әкімшілік жазаға тартты. Аталған ПИК подьезде борышкерлердің жеке мәліметтерін, қанша қарыз екенін жариялаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кооператив 2018 жылдың наурызынан бастап подьездерде пәтер иелерінің үйді жөндеуге, ұстауға жұмсалатын шығындарын жазған. Сонымен қатар, қағазда пәтер иелерінің аты-жөні, мекенжайы көрсетілген. Сот қаулысымен заң бұзушы ҚР ӘқбК 79-бабының 2-бөлімімен әкімшілік жазаға тартылды. Оған 180 375 теңге айыппұл салынды», - деді қалалық прокуратураның баспасөз қызметінен.
Алматы қалалық сотының апелляциялық коллегиясы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Қалалық прокуратура ҚР Жеке мәліметтер және оларды қорғау туралы Заңына сәйкес жеке мәліметтер жеке тұлғаның рұқсатымен ғана жарияланатынын ескертеді. Бұл мәліметтерді тек қана сот шешімімен құқық қорғау органдары көтере алады. Аталған заң нормалары бұзылған жағдайда адам 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.