Алматының бірқатар көшесінде көліктердің орташа жылдамдығы азайтылады

Алматының бірқатар көшесінде көліктердің орташа жылдамдығы азайтылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда көліктердің орташа жылдамдығын шектеу адам өлімін азайтады. Қазір алып шаһарда әр үш күн сайын жол апатынан бір адам қайтыс болады екен.

Осыны ескерген полицейлер қаңтар айының 15-інен бастап Алматының бірқатар көшелерінде көліктердің орташа жылдамдығын азайтады. Сол мерзімнен бастап әл-Фараби даңғылы, Саин көшесі және Шығыс айналма тас жолымен сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүруге тыйым салынады. Аталмыш көшелерде орташа жылдамдық сағатына 60 шақырымға дейін түсіріледі. Бұл қаладағы жол-көлік апаты мен өлім-жітімді азайтады дейді Полиция департаментінің өкілдері.

«Халықаралық тәжірибеден орташа жылдамдықты азайту арқылы жол апатының алдын алып, қаншама өмірді құтқарып қалатымынызға көзіміз жетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша, жылдамдықты 5 пайызға көбейту жол апатын 10 пайызға арттырады. Адам өлімі болатын жол апатын 20 пайызға көбейтеді. Мәселен, әл-Фараби даңғылында жылдамдықты азайту тек 2 минут қана жолды қысқартады екен. Егер 2 минутта бір адамның өмірін құтқаруға болса, онда жылдамдықты азайтқан дұрыс шешім», – деді Алматы қаласы ПД жедел басқару орталығының басшысы Андрей КВАШНИН.

Құзырлы органның дерегінше, Алматыда жыл басынан бері 4 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Оның басым бөлігі дәл осы орташа жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін жүретін жол бөліктерінде болған. Аталмыш аумақтарда күн сайын 12 жол апаты тіркеледі. Осы жылы жол апаттарының салдарынан қалада 121 адам көз жұмған. Мұндай статистика тас жолдағы қауіпсіздікті күшейтуге септік етіп отыр.


Новости партнеров