Мемлекет басшысы Отан соғысының ардагері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаевтың қазасына орай марқұмның отбасына көңіл айтты.
Елбасы лебізін ардақты ақсақалды соңғы сапарға шығарып салуға келген жұүртшылыққа және ет жақындарына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жеткізді.
Сұлтан Сүлейменұлы 98 жасқа қараған шағында өмірден озды. Қоштасу рәсімі Абай атындағы опера және балет театрында өтті. Еске сала кетейік, халқын сүйген абзал жан майданда ерлікпен шайқасып, елге аман оралған соң лауазымды қызметтерді атқарған. Ұзақ жылдар Сауда министрі және Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болған.
«Өзі басшылық жасаған салалардың заман талабына сай дамуына көп еңбек сіңірді. Ол құрметті демалысқа шыққаннан кейін де қоғам өмірінен қол үзбей, тәуелсіз елімізде халқымыздың ынтымағы мен береке-бірлігінің нығая түсуіне әрдайым атсалысты», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Басынан ашаршылықты, Ұлы Отан соғысын өткерген Сұлтан Жиенбав 1921 жылы Алматы қаласында туған. Қазақстан халқының бірлігін, қоғамдық және этносаралық келісімін нығайтуға қосқан ауқымды қоғамдық қызметі үшін оған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Бейбітшілік және прогресс сыйлығы берілген.
«Әкеміз туралы жазылған жылы сөздерге шексіз ризамыз. Нұрсұлтан Назарбаевқа айтарымыз тек қана алғыс. Олар жақын дос әрі серіктес болды. Елбасының жеделхатындағы жүрекжарды сөздер әкемнің сіңірген еңбегіне берілген жоғары баға болып табылады. Сөзімді осыдан үш ай бұрын дүниеден өткен анамның «Сенің өмірде болғаның үшін рахмет» деген сөздерімен аяқтағым келеді», – деді С.Жиенбаевтың ұлы Рустам ЖИЕНБАЕВ.