Елімізде мал ұрлаумен айналысып келген 12 қылмыстық топ ұсталды

Елімізде мал ұрлаумен айналысып келген 12 қылмыстық топ ұсталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде мал ұрлап, етін базарларда бөлшектеп сатқан 12 қылмыстық топтың мүшелері қолға түсті.

Олар күндіз өрісте жүрген төрт түлікті сыртынан бақылап, түнде айдап әкетіп отырған. Тапқан олжаларын бөлшектеп, жақын маңдағы базарларға өткізіпті. Белгілі болғандай, барымташылар әсіресе, Шығыс Қазақстан мен Түркістан облысының аумағындағы мал біткенге қырғидай тиген. Мәселен, Семей қаласының бұрын сотты болған тұрғыны жайылымда жүрген 21 жылқыны айдап әкеткен. Ал Түркістан облысында қолға түскен төртеу Ордабасы, Қазығұрт және Арыс ауданы тұрғындарының тыныштығын қашырған. Бұл қылмыстық топ бас-аяғы 60-тан астам жылқы мен сиырды қолды еткен.

«Қазіргі уақытта ұсталған күдікті азаматтардың екеуі қамауға алынды. Бұл азаматтарды тергеп, тексеру барысында 20-дан астам дәйектер анықталып, қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар скупщик дейді ғой, сатып алушы солар да анықталып тергеуге жеткізілді», – деді Түркістан облысы Ордабасы ауданы ІІБ басшысының бірінші орынбасары Бекарыс СҰЛТАНОВ.

Елімізде өткен арнайы шара кезінде баукеспелердің жолын кескен полицейлер 500-ден астам ұрланған жануарды иелеріне қайтарып берді.

Жалпы, Қазақстанда мал ұрлығы өршіп тұр. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері республикада 13 мыңнан астам мал ұрланған. Олардың тек 6 мыңы қожайындарына қайтарылған. Полицейлердің дерегінше, ірі қара көбінесе жайылымнан қараусыз қалғандықтан жоғалатын көрінеді. Сондықтан министрлік үй жануарларын таңбалап, бас-көз болмаған қожайындарын әкімшілік жазаға тартуды қарастырып отыр екен. Қазір тиісті заң әзірленуде.



Новости партнеров