Алматыда базар иесіне 1,5 млн теңге айыппұл салынды

Алматыда базар иесіне 1,5 млн теңге айыппұл салынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы базарлардың бірінің иесіне 1,5 миллион теңге айыппұл салынды. Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, құрылыс салушы компания сауда кешенінің ғимаратын техникалық талаптарға сай емес жасаған. Яғни, базарларды жаңарту бағдарламасына мүлде сәйкес келмейді дейді мамандар. Кеткен олқылықтың орнын толтыруға кәсіпкерге 1 ай уақыт берілді.  

«Құрылыс салушының металл контейнерлерді екі деңгейде біріктіріп, ғимараттың құрылысын жүргізгені анықталды. Аталған құрылыс бойынша нысан иесі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хабар берместен, сондай-ақ, авторлық және техникалық қадағалауынсыз жұмыстарды бастаған. Заңбұзушылықтар анықталып, «Севертал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әкімшілік жауапқа тартылды», – деді Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Олжас ТӨЛЕБАЕВ.

Бүгінгі таңда Алматыда базарлардың үштен бірі қайта жөндеуден өткен. Олардың барлығы заманауи талаптарға сәйкес келеді. Келушілер үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай да жасалған. Кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, жыл соңына дейін тағы 6 базар жаңарады. Қалалық әкімдік сауда орындарын заманауи форматқа көшіріп, салық түсімінің ашықтығын қамтамасыз етпек.  

«Жаңарту дегеніміз – стационарлық сауда нысандарының құрылысы, барлық талаптарға сай келетін өрт сөндіру қызметі, санитарлық тазалықтың сақталуы. Яғни, бір сөзбен айтсақ, саудагерлер мен тұтынушыларға жайлы жағдай жасау. Жаңартылған базарларда заңға сәйкес, тиісті талаптар қатаң сақталады. Базарды контейнерлерден салуға мүлде болмайды. «Мизам» талаптарды бұзып, сауда орындарының құрылысын контейнерлерден жасаған», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы Сауда бөлімінің басшысы Ерлан ОМАРОВ.    


Новости партнеров