Қант бағасы 300 теңгеден асты

Қант бағасы 300 теңгеден асты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ең қажетті азық-түлік өнімдері қымбаттауда. Ас атасының құны өскеніне енді үйрене бастағанда, енді міне, қанттың бағасы жоғарылап шыға келді. Ірі сауда орындарында оның тапшылығын алға тартып, бір адамға бес келі құмшекерден ғана сатуда. Ал шағын дүкендердегі шекердің бағасы 300-310 теңгеге дейін жетті, деп хабарлайды otyrar.kz.

Шымкентте қантқа қатысты дүрлігу байқалмайды. «Жаңа шаҺар» шағын базарындағы сауда орындарында құмшекердің бір келісі 260-270 теңгеден сатылуда. Сатушылардың айтуынша, бұрынғыдай тәттінің қорын жасамайды. Бір-екі қаптан алып сатады. Өйткені, баға үнемі өзгеруде.

Бүгін көтерме сауда орындарында құмшекердің бір келісі 260 теңгеден сатылса, бір сағат өтпей 10 теңгеге көтерілген. Ақсукент ауылының тұрғыны Закия Асланова бағаның көтерілуіне қарсы. Сүт өнімдерін сататын отанасы «Біз сияқты көпбалалы отбасыларға» қиын дейді.

«Нанның бағасын көтерді, енді кезек қантқа келіпті. Неге бұлай бәрі қымбаттай береді? Аз қамтылған, көпбалалы отбасылар көп. Біресе жанармай көтеріледі, технология қымбат дейді. Барлығы өзімізде шықпай ма? Неліктен бағаны тұрақтандырмайды?», - дейді  сатушы Закия Асланова.

Үкімет қантқа қатысты қалыптасқан жағдайдан хабардар. Жақында ғана алқалы жиында Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев бағаны көтермеу жөнінде аймақтағы әкімдерге тапсырма да берген болатын.

Шымкент республикалық маңызы бар қалалар қатарына енгізілгендіктен, тұрақтандыру қоры жасақталуда. Жауаптылардың мәлімдеуінше қазіргі таңда ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Ал азық-түлік дүкендерінде қанттың бағасы 50-60 теңгеге қымбаттап, 300-310 теңгеге бір-ақ жеткен.

Мая Ибрагимова, сатушы: «Қанттың бір келісі — 300 теңге. Екі келі құмшекерге 600 теңге бересіз».

Сатушылар үстінен 10 теңге қоятынын мәлімдеуде. Өнімнің өзіндік құнына көлік және өзге шығындар енгізілген. Қант күнделікті алатын азықтың қатарында. Ертең қанттың бағасы қандай болады және сөрелерден табыла ма деген сұраққа ешкім дөп басып жауап бере алмайды. Өйткені, бағаны нарықтың өзі реттеуде.





Новости партнеров