Қазақстанда ЖОО-ның білім сапасына сенбейді - Назарбаев

Қазақстанда ЖОО-ның білім сапасына сенбейді - Назарбаев
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім қуған жастардың көрші елдердің жоғары оқу орындарына кетуі мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мысалы, неге жастар көрші Ресейге оқуға кетіп жатыр. Жарайды, солтүстік өңірлердің жағдайы белгілі. Бірақ соңғы кездері Талдықорған, Алматы облысының жастары сол жаққа кете бастады. Неге солай?», - деді Елбасы биылғы Жолдауды жариялау рәсімінде.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, жастар көрші елдерге оқуға барса да, көбісі елге оралады. Мәселен, Ресейге кеткендердің 7 проценті ғана қалып қояды. Дегенмен, Президент ондай жауапқа қанағаттанған жоқ.

«Бұл - халықтың жоғары оқу орындарымызға берген бағасы. Адамдар білім сапасына сенбейді. Ол жақта жақсы деп ойлайды. Әрине, ұлттық бірыңғай тестілеу жағынан қатты талап қоймайды. Мына жақта тесттен өтпесе, сол жақта оқуға қабылдай беретін шығар. Дегенмен, негізгі себеп онда емес. Халық өзіміздің жоғары оқу орындарымызға сенбейді. Медицина да солай. Бізде емес, шетелде емделеді», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Айта кетейік, бүгінгі Жолдау кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруді тапсырды.  Бұдан бөлек, келесі жылы ұлттық онкологиялық орталықтың құрылысын бастауды жүктеді.  

Алдағы уақытта полицейлердің жалақысы да көтеріледі.

Бұдан бөлек, құқыққорғаушыларды даярлау 5 жылдан 6 айға қысқаруы мүмкін.  


Новости партнеров