Нұрсұлтан Назарбаев үздік қызметкерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттады

Нұрсұлтан Назарбаев үздік қызметкерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Бірінші дәрежелі «Барыс» ордені еңбек ардагері Жәнібек Кәрібжанов және «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының» басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевқа табысталды. Екінші дәрежелі «Барыс» орденімен жазушы Қабдеш Жұмаділ, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Сұлтан Оразалы мен Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың басқарма төрағасы Абай Байгенжин алды.

Ал Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов, Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановқа Елбасы «Парасат» орденін тапсырды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа «Құрмет» ордені берілді. Сонымен қатар, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» шығармашылық ұжымының мүшесі Төлеубек Әлпиев, Алан Бөрібаев, Сүндет Байғожин және «Анаға апарар жол» толықметражды көркем туындысы үшін Ақан Сатаев, Әлия Назарбаева, Тимур Жақсылықов, Алтынай Нөгербек пен Әділ Ахметов мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

«Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Бұл – егемен елімізді дүниежүзіне танытып, бар жақсылықтың бастауы болған қазақ үшін қасиетті мейрам. Біз 27 жыл бұрын азаттық жалауын желбіретіп, береке-бірлігіміздің арқасында мерейлі мемлекетке айналдық. Биыл Тәуелсіздіктің символына айналған Астананың 20 жылдық мерейтойын абыроймен атап өттік», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.



Новости партнеров