Тұңғыш Президент күні Алматының барша ауданында кең ауқымда тойлануда. Түрлі концерттік бағдарламалар өтіп жатыр.
Бостандық ауданындағы шара аясында сөреге Президенттің тағлымды кітаптары қойылып, жұртқа кеңінен насихатталды. Ал Түрксіб ауданында мектеп оқушылары айтулы датаға орай өнер көрмесін ұйымдастырыпты. Шағын экспозицияға балалардың өз қолдарымен жасаған бұйымдары мен көздің жауын алар суреттері қойылды. Жалпы, бұл аудан биыл Президент күнін қайырымдылық шарасы арқылы атап өтуді ұйғарыпты. Жергілікті билік аудандағы аз қамтылған 500 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз еткен.
«Аудан бойынша үлкен жанұяларға азық-түлік тараттық. «Я алматинец» қоғамдық қорымен бірлесіп атқарылған іс-шара 2 апта бойы жүрді. Өзіміздің еріктілермен, белсенділермен бірге біраз жұмыстарды атқардық», – деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек БЕЙСЕУОВ.
Мемлекет басышысының құрметіне арналған кеш Әуезов, Алатау және Наурызбай аудандарында да жалғасты. Мәдени шараға аталмыш аудандардың құрметті тұрғындары мен жастары жиылды. Көрермендерге ел Президентінің аз уақытта атқарған игі істері мен батыл қадамдары айтылды. Сондай-ақ, шара кезінде осы жылы ерен еңбегімен көзге түскен әр саланың қызметкерлеріне алғыс хаттар табысталды. Бірқатар азаматтар Астана қаласының 20 жылдық төсбелгісімен марапатталды. Ал көпшілікті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескі суреттері қойылған шағын фотокөрме қызықтырды.
«Ең алдымен, Елбасымыз ел шекарасын мықтап тұрып шегеледі. Екіншіден, дүниежүзіндегі төртінші орындағы атом бомбасы бізде еді, оны жойып әлемге Қазақстанның атын паш етті. Енді елімізді озық 30 ел қатарына қосуды мақсат етіп отыр. Президенттің Қазақстанды жаһандық өркениетке қол жеткізуге бағыттап отырған саясаты көңілімізден шығып отыр», – деді Алматы қаласы Алатау ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Құдайберген ҚАБДОЛДИН.