Астанада оқушыларға қырындаған шетелдік мұғалімнің ісімен ІІМ айналысып жатыр

Астанада оқушыларға қырындаған шетелдік мұғалімнің ісімен ІІМ айналысып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанадағы элиталы мектептен «орынсыз әрі кәсібилігіне жат әрекет» жасағаны үшін жұмысынан қуылған шетелдік мұғалімнің ісімен Ішкі істер министрлігі айналысып жатыр. Бұл туралы бүгін Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұған дейін бірқатар БАҚ-та елордадағы халықаралық мектепте шетелдік мұғалімнің оқушыларға қол жүгірткені анықталғаны хабарланған еді. QSI (Quality Schools International) халықаралық мектебінің мұғалімі оқушыға қатысты «орынсыз әрі кәсібилігіне жат әрекет» жасағаны үшін жұмыстан қуылған.

«Біз халықаралық мектептен ресми жауап алдық. Джексон мырза ғылым докторы екен. Оларда іріктеу мен тексеріс қатаң жүргізіледі. Сонымен қатар, шетелдік ұстаз біздің елге келіп, оқушыларға сабақ бергенде, біздің еңбек заңымызға бағынады, сол бойынша тексеріледі», — деді Суханбердиева ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатынан кейін.

Айтуынша, еңбек заңнамасына сәйкес, шетелдік мұғалімнің жұмысына қатысты бір де бір ескерту болмаған.

«Қазір ол халықаралық мектепте жұмыс істемейді. Біз тиісті хатты Ішкі істер министрлігіне жолдадық, құзырлы органдар бұл мәселемен айналысады деген үміттемін», — деді вице-министр.

Суханбердиева шетелдік мұғалімнің кінәсі әзірге дәлелденбегендіктен, оны айыптай алмайтынын айтты.

«Кінәсі дәлелденген кезде, егер де шынымен, осындай факті болған болса, біз бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарына қосымша хабарлаймыз», — деп уәде берді вице-министр.

Ол Қазақстандағы халықаралық мектептер ұстаздарды өздері іріктеп, жұмысқа қабылдайтынын атап өтті.

«Бірақ, әрине, ол мұғалім елімізге келіп, балаларымызға сабақ бергеннен кейін, біз де жауапты боламыз», — деп түйіндеді сөзін Суханбердиева.

Мұның алдында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев шетелдік мұғалімнің элиталы мектептен не үшін қуылғанын білмейтінін айтқан еді.

Халықаралық мектептің әкімшілігі оқытушының әрекеті қылмыстық сипатта болмаса да, QSI мұғалімдерінің келісімшарты мен кодексіне қарама-қайшы болғанын мәлімдеді. Осыған байланысты мұғаліммен арада жасалған келісімшарт бірден күшін жойған. Шетелдік мұғалім бір тәулік ішінде Қазақстаннан кетті.


Новости партнеров