ШҚО тұрғыны полицейлерді өзінің өліміне сендірмек болды

ШҚО тұрғыны полицейлерді өзінің өліміне сендірмек болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шығыс Қазақстан облысында 102 каналына хабарласқан тұрғын автокөлігін әлдекімнің айдап әкеткені туралы шағым айтады. Түскен шақырту бойынша тәртіп сақшылары қылмыскерді іздеуге кіріседі. Алайда, қолға түскен ұры полицейлерді өзінің өліп қалғанына сендірмек болыпты, деп хабарлайды Алтайньюс.

Полицияға ұрланған көлік туралы арызданған Глубокое ауданының 25 жастағы тұрғыны екен. ВАЗ-21093 маркалы автокөлікті үйінің алдынан біреу айдап алып кетіпті. Келтірілген залал 700 мың теңгені құрады.

«Бұл туралы бағыттама барлық полиция посттарына таратылды, Полицияның аға лейтенанты Қуаныш Маушанов пен кіші лейтенант Дамир Саргизовтан құралған күзет экипажы Өскемен-Риддер тас жолындағы қозғалысты бақылап тұрған. Бағыттама алған соң олар қала жаққа қарай жақындайды. Инспекторлар автокөлікті айдап әкеткен ұрының алысқа ұзап кетуі мүмкін емес деп болжайды», – деп мәлімдейді ШҚО ІІД баспасөз қызметінен.

Бұл болжам рас болып шықты. Назарларына сипаттамаға сай келетін автокөлік ілінген. Оның алдыңғы мемлекеттік нөмірлік белгісі жоқ екен.

Полиция қызметкерлері тоқтауын талап етеді. Алайда, жүргізуші құлақ аспай, жолдан шығып, жолсыз жермен далаға қарай бет алған. Тәртіп сақшылары оның соңынан түсті. Бірақ қашқын алысқа ұзай алмайды. Машина жыраға түсіп кетіп, өшіп қалды. Ал жүргізуші бұталардың арасына кіріп, жасырынады. Полицейлер қуып жеткенде, ол еш қимылсыз, өлі адамның кейпінде жатыр екен. Дегенмен, оның бұл қулығы іске аспайды. «Өлген» жігіттің қолына кісен салынды.

Көлікті айдап әкеткен Белоусовка кентінің 29 жастағы тұрғыны екені анықталып отыр. Болған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.


Новости партнеров