47 қазақстандық Сириядан қайтарылды: Нұрсұлтан Назарбаев үндеу жасады

47 қазақстандық Сириядан қайтарылды: Нұрсұлтан Назарбаев үндеу жасады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операцияға байланысты мәлімдеме жасады.

Ақорда таратқан бейнежазбада Елбасы тапсырмасымен 6 қаңтарда еліміздің құқық қорғау өкілдері Сыртқы істер министрлігімен бірлесе гуманитарлық операция өткізгені айтылған. Тоғыз минутқа созылған жазбада ДАИШ халықаралық террористтік ұйымы құрамында Сирияға соғысуға аттанған қазақстандықтар ұшақпен елге қайтарылғаны бейнеленген. 50-ге жуық отандастарымыз арасында көбіне балалар мен әйелдер және болжам бойынша олардың жұбайлары бейнеленген. Алғашқылары ұшаққа ешқандай кісенсіз, емін-еркін отырғызылса, шекара асып, содырлар қатарына өз еркімен қосылған ер кісілердің беттері тұмшаланып, жандарына күзет қойылған.

Айта кетейік, отандастарымызды Сириядан қайтару операциясы «Жусан» деп аталды.

«Менің тікелей тапсырмам бойынша 6 қаңтарда біздің құқық қорғау және басқа, соның ішінде, Сыртқы істер министрлігімен бірге үлкен гуманитарлық операция өзінің жемісін берді. Сириядан Қазақстанның 47 азаматы, олардың ішінде әйелдер де бар, әсіресе айта кетерлігі, 30 бала бар. Біздің құзырлы органдарымыз бұрын-соңды атқармаған үлкен жұмысты атқарды. Жеткізілгендердің барлығы да террористердің бақылауында болған. Түрлі жағдаймен алданып қалғандарды уақытысында дағдарыс болып жатқан Сирияға оларды алып кеткен. Ол жөнінде айтқанбыз. Біраз адамдар олардың айтқанына алданып, сол жақта көпшілігі соғыстың арасында қайтыс болды», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл операция Қазақстан өз азаматтарын қайда болса да қолдайтынын көрсетеді деді. Ел қауіпсіздігі, береке-бірлікті қамтамасыз ету мемлекетіміздің маңызды міндеті деген Елбасы қақтығыс аймағында еріксіз жүргендерді, әсіресе балаларды қайтару бойынша жұмыстардың әлі жалғасатынын айтты.


Новости партнеров