Президент жобалары ортақ тарихымыздың белгісіз парақтарын ашады - Илья Тереченко

Президент жобалары ортақ тарихымыздың белгісіз парақтарын ашады - Илья Тереченко
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Тереченко ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының уақытылы әрі өзекті екендігі анық. Ел табысының кепілі - бұл өткен бай тарихқа деген мақтаныш, қазіргі заманға прагматикалық баға беру және болашаққа деген позитивті көзқарас. Дәл осы пайым мақаланың өн бойында қызыл жіппен өрілген», - деді Илья Тереченко.

Оның айтуынша, Елбасы барша қазақстандықтарды шыққан тегін тануға және өзінің өткеніне тарихи процестердің көпқырлылығын ескере отырып, қазіргі заманғы ғылым биіктігінен қарауға, белгілі бір оқиғаларды дұрыс әрі әділ бағалауға үндейді.

Бұл ретте Мемлекет басшысы осынау Ұлы далада өмір сүріп жатқан көптеген этностар үшін ортақ Отан саналатын Қазақстан тарихы туралы сөз болып отырғанын айрықша атап өтеді.

«Байырғы ұлттың өкілі болмасам да, Қазақстан тарихы - тағдыр талқысымен көп жапа шеккен осынау ұланғайыр жердің бөлшегіне айналған менің тарихым, менің отбасымның тарихы екендігін айтқым келеді. Мемлекет басшысы нақты айқындап берген Ұлы даланың әрбір жеті қыры барлық қазақстандықтың айрықша мақтаныш  сезімін туғызады. Ал «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасы аясында өткенді одан ары зерделеу, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу ұсыныстары байыпты зерттеулер жүргізіп, көптеген іргелі мәселелерді пайымдауға және ортақ тарихымыздың белгісіз парақтарын ашуға мүмкіндік береді», - деді Илья Тереченко.

Спикердің пікірінше, «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттерін жүзеге асыру өткен күнге позитивті көзқарас қалыптастырып, жастарды патриотизмге тәрбиелеу, қоғамдық сананы жаңғыртуға айтарлықтай үлес қосады.

«Біздің одан арғы жұмысымызда нақты бағдарға айналған мақаланың шығуын партияластарым зор қызығушылықпен әрі құлшыныспен қабылдағанын атап өткім келеді», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды.


Новости партнеров