Алматыдағы теміржол вокзалдары қаланың коммуналды меншігіне берілмек

Алматыдағы теміржол вокзалдары қаланың коммуналды меншігіне берілмек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының қос бірдей теміржол вокзалы қаланың коммуналды меншігіне берілетін болады. Бұл туралы қала әкімі Бауыржан Байбек премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың Алматыға жұмыс сапары кезінде мәлімдеді.

Болашақта екі вокзал арасын жалғайтын қосымша теміржол салу жоспарда бар. Сонымен қатар, терминалдар да орнатылмақ. Жергілікті бюджет есебінен, биыл екі бекет алдындағы алаңдар жаңартылды. Жасыл желек отырғызылып, жаяу жүргіншілер жолына плиткалар төселді.

Алматыға сапары барысында Үкімет басшысына жақында ғана іске қосылған «Каршеринг» сервис жүйесі де таныстырылды. Бұл жүйе мобильді қосымша арқылы автомобильді минутпен жалға алуға мүмкіндік береді. Аталған қызмет жүргізуші куәлігі бар кез келген адам үшін қолжетімді. Жаңа қызмет түрін пайдаланғандар саны жоба жүзеге асқалы 10 мыңнан асқан.

Алматыда әзірге жалға берілетін көліктер саны 100 шақты. 2019 жылы олардың санын 500-ге жеткізу көзделген. Ал 2021 жылы елімізде 1500 автомобильден тұратын парк болады деп күтілуде. Алдағы уақытта осындай жалға берілетін көліктер Астана мен Шымкент қалаларында да пайда болады.

Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев Алматының жас ғалымдарымен кездесті. Жиын барысында Қазақстанда ғылымды дамыту келешегі талқыланды. Жас мамандар өзекті мәселелерді қозғап, саланы одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Алматыға жұмыс сапарымен келген премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ашылған «Визит Алматы» туристік хабына бас сұқты. Консультациялық орталықта қалаға келген қонаққа қажетті барлық ақпараттар бар. 11 айда орталықтан 25 мыңнан астам турист кеңес алған.

Сонымен қатар, премьер-министр Алматының құрылыс жоспарымен танысу үшін «Алматы Бас жоспар» ғылыми зерттеу институтына барды. Тоғыз қабатты су жаңа ғимаратта қаланың сандық геоақпараттық орталығы жұмыс істейді. Бірінші қабатта «Алматы сәулетінің тарихи мұражайы» орналасқан. Онда келушілер алып шаһардың қалыптасуын қола дәуірінен бастап, бүгінге дейін қалай өзгеріске түскенін цифрлық форматта тамашалай алады.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев ғимараттың екінші қабатында орналасқан қаланың сандық 3D-голографиялық моделі мен ситуациялық орталығын көрді. Жаңадан ашылған бұл орталықта қаланы тиімді басқаруға арналған ауқымды мәліметтер жиналған.


Новости партнеров