|
12.12.2018 | 17:18
3753

Алматы бюджетіне ұсыныс енгізген депутаттар ең алдымен халықтың мұң-мұқтажын ескерді

Алматы бюджетіне ұсыныс енгізген депутаттар ең алдымен халықтың мұң-мұқтажын ескерді

Алматыда «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы 2019 жылғы бюджетке ұсыныс енгізді. Партия мүшелері әсіресе, әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға баса назар аударуды сұрайды.

Сонымен қатар, бес аудандағы көшелерді жарықтандыру үшін 808 миллион теңге бөлуді ұсынды. Себебі, маслихат депутаттарына тұрғындардың көбі жарықтандыру мәселесі бойынша көбірек шағымданады. Оған қоса, қалаға қосылған жаңа аумақтарда жол мәселесі тағы бар. Түйткілді шешу үшін жол құрылысына 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлуді ұсынды. Депутаттар алдымен халықтың өтініштерін ескерген. Жиында «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Байбек жылды қорытындылады.

«Фракция мүшелері шын мәнінде, адамдармен кездесіп, олардың мәселесін әрқашан шешуге тырысады. 70 пайыз деген үлкен сан деп ойлаймын. Бұл үлкен жетістік. Көбінесе адамдар мәселені заңды түрде қалай шешуді білмей жатады. Ал біздің партияластарымыз сондай шешімдердің жолын түсіндіреді», – деді «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Ал жергілікті мәслихат депутаты Ләззат Қалтаева партиялықтардың назарын ерекше қажеттіліктері бар балаларға аударуды өтінді. Аутизм, туа бітті сал ауруы, Даун синдромы сынды айықпас дертпен ауыратын бүлдіршіндерді тау шаңғысына бейімдеуге 85 миллион теңге сұрады. Осылайша, қоғамда тең құқық орнайды дейді халық қалаулысы. Одан бөлек, отырыста мектеп жетіспеушілігі де көтерілді.

«Балалар амалсыздан басқа аудандарға барып, қатынап оқып жүрген фактілер көп. Соған орай 4 мысал келтіре кетейін. Дархан ықшамауданында мектеп мүлде жоқ. Заря Востокта талаптарға сай келмейтін ескі мектептер ғана. Трудовик, Рахат және Мәдениет ықшамаудандарында 100 балаға ғана арналған мектептер бар. Ал оқушылардың саны одан 3 есе артық. Осы 4 мектептің құрылысына біздің есеп бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу үшін қосымша 357 миллион теңге қажет», – деді Алматы қаласы мәслихатының депутаты Дамир ШЫНЫБЕКОВ.

Айта кетейік, қала бюджетінен нақты қай салаға қанша теңге бөлінетіні ертең мәслихат отырысында шешілетін болады.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир