|
03.01.2019 | 17:23
3123

Астанадағы ҚазҒЗИ аумағында өрт шығып, жарылыс болды

Астанадағы ҚазҒЗИ аумағында өрт шығып, жарылыс болды

Астанада өрт қауіпсіздігіне деген салғырттық салдарынан, көгілдір отын сақталатын қоймада жарылыс болды. Қазақ ауылшарушылық өнімдерін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институтында болған оқыс оқиғада 40 шаршы метрлік ғимарат тұтастай жанып кетті. Тілсіз жауға қарсы күрескендер жалын ішінен 25 газ баллонын алып шыққан. Абырой болғанда, оқыс оқиғада адам шығыны болған жоқ.

Желіде тарап кеткен бейнекадрлар Астананың Байқоңыр ауданыны қарасты Ақжол көшесінде түсірілген. Әуелі от шыққан. Өрт шамамен, кешкі сағат 19:45-те басталып, бір сағаттан кейін жарылыспен жалғасқан.

Алдын ала болжам бойынша жарылыс Қазақ ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институнының аумағында болған. Газ резервуарының жарылысы қатты болғаны соншалық, көршілес жатқан үйлердің қабрғалары шайқалып, терезелері сынған. Сонымен қатар, шаруашылық аумағында 40 шаршы метрді құрайтын ғимарат та өртке оранған.

Кешкі асқа отырған тұрғындар да төтенше жағдайдың ауқымын сезген. «Кенеттен болған жарылыстан тәбетімізден бұрын, зәре-құтымыз қашты» дейді дейді тұрғындар.

«Біз 5 қабатты үйде тұрамыз. Терезелерімізді ашылып кетті. Қатты жарылыс болды. Жарылыс толқынының қатты болғаны сонша, үйдің өзі кәдімгідей дірілдеп кетті», «Қатты шудан есік кері айнала ашылып кетті. Сол жарылыстан кейін есігіміз екі жаққа да ашыла беретін болды», деп тұрғындар жарылыс сәтін жарыса сипаттады.

Өртке қарсы тұрған мамандар оқыс оқиға кешкілік болғасын жұмыс орнында ешкім болмады, қайғылы оқиға тіркелмеді дейді. Төтенше жағдайлар өкілдеріне сенсек, газ резервуарына жауапкершілігі шектеулі серіктестік иелік еткен. Олар газ сатумен айналысса керек. Өйткені, құтқарушылар өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан, жалын шарпыған ғимараттан газға толы 25 баллон алып шыққан.

«Бұл жағдайда зардап шеккендер мен опат болғандар жоқ. Қазіргі кезде өрттің себебі мен келген залал көлемі анықталуда. Өртті сөндіруге 35 бірлік жеке құрам мен 7 бірлік техника жұмылдырылды. Және жатақханадағы кісілерді орналастыру үшін әкімшіліктен екі автобус берілді», – деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Аягөз ФАЗЫЛОВА.

Астананың полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодекссінің 292-ші бабы, яғни «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойнша қылмыстық іс қозғаған. Кінәлілер анықталуда.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир